Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, дамытуға үлес қосып жүрген дарынды жастар аз емес. Солардың ішінде жарқырап көрініп жүргендердің бірі – Жәнібек Мақтанұлы. Ұлт рухын бойына сіңіріп өскен ол – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті. Жәнібек – тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар ұлттық аспаптарды жасай білетін сирек кездесетін талант иесі. Бүгінде ол оннан астам ұлттық және заманауи музыкалық аспапта еркін ойнап, ұлттық өнердің сан алуан саласында өз қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Біз Жәнібекпен ұлттық өнер жолындағы алғашқы қадамдары мен алдағы мақсат-мұраттары жайлы сұхбаттасқан едік.
– Қазақтың төл өнеріне деген қызығушылығыңыз қашан және қалай оянды?
– Ұлттық өнерге деген ықыласым бала кезімнен басталды. Балалық шағым Қытайда өтті. Қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүретін дәстүрлі өмір салтының ортасында өстім. Сол кездері радиодан домбыра, сыбызғы, қобыз және өзге де ұлттық әуендерді тыңдайтынмын. Отбасым да өнерге жақын жандар болды, бұл қызығушылығымды одан әрі тереңдете түсті.
Алғаш рет домбыраны кәсіби түрде үйренуіме ұстазым Рахман Әпейұлы ықпал етті. 2016 жылы арман қуып, Қазақстанға көшіп келдім. 2017 жылы Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжіне түсіп, Ғаниса Қуанышбаевадан домбыра үйрендім. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, сыбызғы мамандығы бойынша Талғат Мұқышев, Дархан Әлімғазы, Арайбек Асқар сынды тәжірибелі ұстаздардан дәріс алдым. Осы аралықта басқа да аспаптарды меңгеріп, тіпті оларды өз қолыммен жасауға қызығушылығым арта түсті.
– Қазір қай аспаптарды меңгердіңіз?
– Қазіргі таңда домбыра, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, шертер, қобыз, барбыт секілді қазақтың бірнеше ұлттық аспабында еркін ойнай аламын. Сонымен қатар, гитара, пианино, укулеле, барабан сияқты заманауи аспаптарды да меңгергенмін.
Аспап жасауға деген қызығушылығым саз колледжінде оқып жүргенде оянды. Екінші курста оқып жүргенімде республикалық «Сарын» байқауына қатысып, сол жерде байқау төрағасы болған кәсіби шебер Азамат Бақия ағамызбен таныстым. Сол кісінің шеберханасына барып жүріп, сыбызғы, сазсырнай, ортеке, қобыз секілді аспаптарды өз қолыммен жасауға машықтандым.
Ағашпен жұмыс істеу – мен үшін жан тыныштығы мен ерекше шабыт сыйлайтын іс. Меніңше, тек орындаушы болу жеткіліксіз. Аспаптың табиғатын, шығу тегін, жасалу тәсілін, дыбыстық ерекшеліктерін түсінбей, оның жанын ұғыну мүмкін емес. Сондықтан аспап жасауды меңгеру арқылы мен олармен үн табысуды үйренемін.
Қолөнер – үздіксіз еңбекті, үнемі шыңдалуды қажет ететін сала. Сол себепті бос уақытымда шеберлігімді арттырып отырамын.
Бүгінде менің негізгі кәсібім – музыка. Дәлірек айтқанда, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары. Консерваторияда алған негізгі мамандығым – сыбызғы. Осы бағытта кәсіби тұрғыда дамып, ұлттық өнерді әлемге танытуды армандаймын.
– Сіз үшін өнер – жан рахаты ма, әлде табыс көзі ме?
– Ұлттық өнер – ұлттың болмысын, мәдени мұрасын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен құндылығын айқындайтын рухани негіз. Әрине, еңбек еткен адамға кез келген сала табыс көзіне айналуы мүмкін. Бірақ мен үшін өнер – ең алдымен жан шуағы, жүрек қалауы.
– Қазақтың төл мәдениетін заман талабына сай дамыту үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, жүйелі қолдау мен заманауи көзқарас қажет. Жастарға ұлттық өнерді тек дәстүрлі жолмен ғана емес, сонымен қатар заманауи форматта қызықты етіп ұсыну маңызды. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – оңай шаруа емес. Сол себепті бұл бағытта білім мен зерттеу, цифрлық құралдарды қолдану, танымал ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық қолдаулар аса маңызды. Осылардың барлығы төл мәдениетті нығайтудың негізгі тетігі деп есептеймін.
– Осы бағытта өзіңіз қандай істер атқарып жүрсіз?
– Орындаушы ретінде – түрлі аспаптарда ойнап, концерттер мен жобаларда ұлттық музыканы насихаттап келемін.
Ұстаз ретінде – жас ұрпаққа аспап үйретіп, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін оятуға тырысамын.
Зерттеуші ретінде – «Қытай қазақтарының сыбызғы орындау дәстүрі» атты тақырыпта дипломдық жұмыс жазып, тарихи-музыкалық деректерді жинақтаудамын. Бұл – төл өнеріміздің түп-тамырын тануға арналған еңбегім.
Сонымен қатар, Instagram, YouTube, TikTok секілді әлеуметтік желілер арқылы ұлттық музыканы кең аудиторияға танытып жүрмін. Қазіргі таңда сыбызғыны үйренуге арналған мобильді қосымша дайындау үстіндемін. Мұны ұлттық мұрамызды заманауи тәсілмен насихаттаудың бір жолы деп білемін.
Шын мәнінде, бір адамның бірнеше аспапты меңгеріп қана қоймай, оларды кәсіби түрде жасап, кеңінен насихаттауы – сирек кездесетін құбылыс. Жәнібек Мақтанұлының ұлттық өнерге деген табандылығы мен шынайы сүйіспеншілігі – көпке үлгі. Біз жас өнерпаздың шығармашылық жолына сәттілік тілейміз!