
Almaty Museum of Arts музейінде заманауи өнердің ең ықпалды өкілдерінің бірі Билл Виолаға арналған «Билл Виола: Уақыт кеңістігі» көрмесі өтіп жатыр. Бұл – суретшінің шығармашылығын кең көлемде таныстыратын Орталық Азиядағы алғашқы жоба.
Экспозиция Билл Виоланың 1977–2013 жылдар аралығындағы 36 жылдық шығармашылық кезеңін қамтиды. Көрмеге 18 туынды енген. Экспозиция көрерменді біртіндеп суретші шығармашылығының негізгі тақырыптарына – уақыт, жады, өмір мен өлім, руханият, тән және ішкі өзгеріс ұғымдарына жетелейтін медитативті сапар ретінде құрылған.
Билл Виола видеоарт пен жаңа медиаөнердің негізін қалаушылардың бірі саналады. Ол 50 жылдан астам уақыт бойы видеоны дербес көркем тіл ретінде зерттеп, технологиялық дәлдік пен философиялық тереңдікті ұштастырды. Оның еңбектері Нью-Йорктегі MoMA, Лондондағы Tate Modern, Guggenheim Bilbao және Париждегі Centre Pompidou секілді әлемнің жетекші музейлерінде көрсетілген.
Көрменің ерекшелігі – Қазақстан мен Орталық Азия көрермендеріне видеоны өнердің толыққанды тіліне айналдырған суретшінің шығармашылық мұрасын осындай ауқымда алғаш рет көруге мүмкіндік беруінде.
Жоба Bill Viola Studio-мен бірлесіп әзірленген. Көрменің кураторы – студия жетекшісі, суретшінің жұбайы әрі ұзақ жылдар бойғы шығармашылық серіктесі Кира Перов.
Көрмеге арнайы каталог та дайындалған. Оған зерттеуші Валентино Катрикала мен Кира Перовтың мәтіндері, сондай-ақ Джон Дж. Ханхардттың Билл Виоламен сұхбаты енген.