«Қыпшақ қызы Аппақ» операсы шетелдік қонақтардың назарын аударды

«Қыпшақ қызы Аппақ» операсы шетелдік қонақтардың назарын аударды

Астанадағы «Астана Опера» театрында композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсы сахналанды. Қойылым 3 және 4 қазанда көрермен назарына ұсынылды.

Спектакльді тамашалауға халықаралық мәдениет пен өнер саласына танымал тұлғалар, соның ішінде Швейцарияның Chopard зергерлік үйінің тең президенті әрі арт-директоры Каролина Шойфеле мен Мәскеуден келген музыка сыншысы, өнертанушы Александр Матусевич қатысты.

«Астана Опера» театрына алғаш рет келген Каролина Шойфеле ғимараттың сәулетіне, акустикалық мүмкіндіктеріне, опера музыкасы мен оркестрдің орындаушылық шеберлігіне жоғары баға берді.

«Қыпшақ қызы Аппақ» операсын композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар Ғабит Мүсіреповтің аттас драмасының желісімен Тілеуғазы Бейсембек жазған либретто негізінде дүниеге әкелген. Шығармаға қыпшақ аруы Аппақ пен әзербайжанның ұлы ақыны Низами Гәнжауидің махаббат хикаясы арқау болған. Басты кейіпкердің тағдыры арқылы халықтың тарихи санасы, сүйіспеншілік пен бейбіт өмірдің қадірі көрініс табады.

Операның әлемдік премьерасы 2026 жылғы мамырда Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өтті. Қойылымды сахналау жұмыстары бір жылдан астам уақытқа созылды. Шығарманың оркестрлік партитурасында қазақ және әзербайжан халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары пайдаланылған.

Операның қоюшы режиссері – Михаил Панджавидзе, музыкалық жетекшісі – Абзал Мұхитдин, ал қоюшы дирижері – Ерболат Ахмедьяров.

Шетелдік қонақтар мен кәсіби өнер сыншыларының қойылымға қызығушылық танытуы Қазақстанның ұлттық опера өнері халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танылып келе жатқанын аңғартады. Тарихи оқиғаны ұлттық музыка дәстүрімен және заманауи сахналық шешімдермен ұштастырған «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы қазақстандық өнердің көркемдік мүмкіндіктерін әлем көрермендеріне танытуға жол ашып отыр.

118
05.10.2026