
Димаш Құдайберген Қарағандыда Кеншілер күніне арналған мерекелік концертке қатысады. Әншінің өнер көрсетуі 29 тамыз күні кешке Әшімов көшесіндегі жаңа алаңда өтеді.
Биыл Қарағанды өңір үшін маңызы зор кәсіби мерекелердің біріне ауқымды концерттік бағдарлама дайындап отыр. Бұған дейін сахнаға Дима Билан мен Қайрат Нұртас шығатыны белгілі болған. Димаш Құдайбергеннің қатысатыны туралы ақпарат қала әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланды.
Кеншілер күнінің Қарағанды үшін орны ерекше. Бұл мереке ондаған жыл бойы көмір өнеркәсібімен қатар дамыған қала мен өңірдің тарихымен тікелей байланысты. Кеншілер күні алғаш рет 1948 жылғы 29 тамызда атап өтілген.
Димаш Құдайберген, Дима Билан және Қайрат Нұртастың қатысуы бұл концертті Қарағанды облысындағы тамыз айының соңындағы ең ірі мәдени іс-шаралардың біріне айналдырып отыр.