
Осы аптада Италияда ұлы ойшыл, қазақ мәдениетінің символы Абай Құнанбайұлының бюсті салтанатты түрде ашылды. Рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Бүгінде Париж бен Будапешттен бастап Бейжің мен Вашингтонға дейінгі әлем астаналарында Абайға арналған ескерткіштер мен бюсттер орнатылған. Олар ұлы ақын мұрасына деген құрметтің, сондай-ақ гуманизм, ақыл-парасат пен руханият идеалдарының әмбебап символына айналды.
Абайдың мәңгілік мұрасы бүгінде Қазақстанда да жаңаша серпінмен жаңғырып келеді. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ұрпаққа ұлағат» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек - жай ғана қайта басылған нұсқа емес, ұлы ойшылмен жаңа заманның тілінде өрбіген рухани сұхбат. Басылым оқырманды Абай әлеміне бүгінгі күн тұрғысынан, мәңгілік адамзаттық құндылықтар биігінен қарауға шақырады.
Кітаптың мән-маңызы, оның мәдени дипломатиядағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі жайында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітовамен сұхбаттастық.
- «Ұрпаққа ұлағат» кітабы - Абай мұрасымен жаңа форматтағы үнқатысу. Неліктен дәл қазір «Қара сөздердің» бейімделген нұсқасын ұсыну маңызды болды?
- Ұлы ақын әрі ойшылдың 180 жылдық мерейтойы аясында бұл кітаптың маңызы айрықша.
Бұл жай ғана қайта басылым емес, Абайдың рухани мұрасын бүгінгі көзқараспен қайта пайымдау. Еңбектің басты ерекшелігі оның тілі қазіргі оқырманға, әсіресе жастарға жақын. Ол арқылы біз Абайдың сөзін жаңа қырынан естиміз, өз уақытымыздың контексінде қабылдаймыз.
Мақсатымыз - Абай ойының терең мәнін жаңаша түсіндіру. Өзі айтқандай, «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» (19-қара сөзі).
Бейімделген нұсқа Абай философиясын ізденіс үстіндегі, рухани тірек пен шабыт іздеген әр адамға түсінікті етіп жеткізеді. Бұл кітап – тек рухани мұра емес, бүгінгі қоғамға бағыт-бағдар беретін тағылымды тұғыр.
– Кітап жеті тілде жарық көрді. Бұл тұрғыдан алғанда, Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстан мен әлем арасындағы мәдени көпірге айналды деуге бола ма?
— Әрине. Көптілді формат Қазақстанның ашықтығының, сондай-ақ Абай ілімінің әлемдік деңгейде мойындалғандығының көрінісі.
Абайдың адамгершілік, рухани жетілу және өзара құрмет туралы қағидалары кез келген халыққа түсінікті жалпы адамзаттық тіл.
Бүгінде кітапхана – тек білім ордасы емес, ұлттық құндылықтарымызды халықаралық кеңістікке танытатын мәдени алаң.
Абайдың «Әр халықтан үйренер нәрсе бар» (2-қара сөз) деген даналығын басшылыққа ала отырып, кітапхана сөз, білім және кітап арқылы мәдениеттерді тоғыстырып, сенім мен диалог орнатуда.
Осылайша, ол мәдени дипломатияның дәнекері әрі қазақ руханиятының әлемдік деңгейдегі елшісіне айналып отыр.
Абай басылымы Qazaq Culture тұжырымдамасымен және Қазақстанның мәдени бірегейлікті нығайту миссиясымен қалай сабақтас?
- Бұл еңбек, сөз жоқ, QazaqCulture бастамасының басты мұратын ұлттық мәдени бірегейлікті нығайту мен Қазақстанды әлемдік аренада рухани әрі интеллектуалдық дәстүрі терең ел ретінде танытуды толық қолдайды.
Абай шығармашылығы арқылы әлем қазақ халқының гуманизмге, ағартушылыққа және адамгершілікке негізделген терең дүниетанымын танып біледі.
Мұндай жобалар мәдени мұраны жай ғана сақтап қоймай, оны заманауи өмірмен үндестіріп, жаһандық оқырманға түсінікті әрі тартымды түрде ұсынуға мүмкіндік береді.
Бұл - мәдени дипломатияны дамытып, Қазақстанды Еуразияның рухани орталығы ретінде ілгерілетудің маңызды қадамы.
Абай мұрасын жиі «жан тәрбиесінің ілімі» деп атайды. Кітаптың жастар тәрбиесіндегі әлеуетін қалай бағалайсыз?
- Иә, Абай мұрасы - адамгершілік тәрбиесінің қуатты құралы. Оның ар, ұят, еңбек пен білім туралы айтқан ойлары адамның рухани мәдениетін қалыптастырады.
Қазіргі заманға лайықталған нұсқа жас ұрпақтың бұл асыл қағидаларды бүгінгі өмірмен сабақтастыра қабылдауына жол ашады.
Бұл кітаптың әлеуеті зор: ол жеке тұлғаның, саналы азамат пен отаншыл ұрпақтың қалыптасуына қызмет етеді. Осындай жастар ғана өз рухани тамырын танып, әлемдік мәдениетті бағалай біледі.
- Бүгінде Қазақстан мәдени дипломатияны белсенді дамытып келеді. Осындай басылымдар елдің халықаралық беделін арттыруға қалай ықпал етеді?
- Қазір Қазақстан мәдени дипломатияны мақсатты түрде дамытып отыр.
Осы тұрғыда «Ұрпаққа ұлағат» секілді еңбектер елдің халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыратын пәрменді құралға айналды.
Бұл басылымдар Қазақстанды бай табиғи және тарихи мұраға ие ел ғана емес, терең рухани мәдениеті, дамыған философиялық дәстүрі және гуманистік дүниетанымы бар халық ретінде танытады.
Абайдың «Қара сөздерінің» бірнеше тілге аударылуы оның идеяларын әлем жұртына жақындатады, мәдениеттер арасындағы диалог пен өзара түсіністі нығайтады.
Абай шығармалары арқылы шетелдік оқырман қазақ халқының ішкі әлемін, моральдық қағидаттарын, ойлау жүйесін және рухани тереңдігін танып біледі.
Осылайша, мұндай жобалар мәдени дипломатияның «жұмсақ күші» ретінде Қазақстан мен өзге елдер арасында сенім мен құрмет көпірін орнатады.
Бұл - жаһандық өзгерістер заманында аса өзекті, өйткені дәл мәдениет пен кітап халықтарды өзара түсіністікке және рухани жақындасуға бастайтын ең сенімді дәнекер болып қала береді.
- Кітапқа шетелдік ғалымдар айрықша қызығушылық танытты. Сіздіңше, Абай философиясы шетел оқырмандарын несімен тартады?
- Ең алдымен, оның әмбебаптығымен.
Абайды Испанияда да, Францияда да, Қытайда да оқиды. Оның ар мен ұят, жауапкершілік пен еңбекқорлық туралы ойлары қай халыққа болсын түсінікті.
Бұл басылымда көне түркі, араб және парсы тілдерінен енген сирек сөздер кездеседі. Сондықтан ол тек көркемдік жағынан емес, тілтанымдық тұрғыдан да құнды.
Кітап дәуірлер арасын жалғаған рухани көпірге айналып, қазақ халқының тілі мен мәдениетін, рухы мен дүниетанымын тоғыстырады.
- Кітапхана цифрлық форматтарды кеңінен пайдаланады. Олар Абайды жастар арасында насихаттауға қалай әсер етеді?
- Қазір ҚазҰЭК - Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы Абай мұрасын бүкіл әлем оқырманына қолжетімді етіп отыр.
Біз онлайн-конференциялар, бук-трейлерлер, челлендждер, арт-жобалар, дәрістер мен поэзия марафондары ұйымдастырамыз.
Бұл бастамалар жастарға Абайды тек оқып қана қоймай, оның ойын сезініп, заманауи тілмен түсінуге мүмкіндік береді.
- «Ұрпаққа Ұлағат» жобасы кітапхананың жаңа мәдени миссиясы арқылы ұрпақтарды тоғыстырудың бір бөлігі деуге бола ма?
- Әрине. Дәл осы - жобаның басты қуаты.
Кітапхананың миссиясы - ұрпақтарды біріктіріп, Абайдың сөзі арқылы өткен мен келешекті жалғайтын мәдени кеңістік құру.
«Ұрпаққа Ұлағат» осы мақсатты тіл, мағына және мәңгілік рухани құндылықтар арқылы жүзеге асырып келеді.
- Ал өзіңізге Абайдың қай сөзі ерекше әсер еткен?
- Маған оның мына жолдары өте қымбат:
«Ісіңе жауап беру – игіліктің негізі мен кепілі» (4-сөз). Бұл – кемел тұлғаның өмір қағидасы.
Тағы бір сүйікті тұсым:
«Білімге ұмтыл, беймәлімді тануға талпын…» (32-сөз).
Мен үшін Абай – өткеннің тұлғасы емес, бүгінмен үндес өмір мектебі.
Ол бізді ізгілік пен ілімнен, адамдық пен мейірімнен мән табуға үйретеді.