61-ші Венеция биенналесі: «Qoñyr» – Қазақстанның заманауи көркем келбеті

61-ші Венеция биенналесі: «Qoñyr» – Қазақстанның заманауи көркем келбеті

Италияда заманауи өнер әлеміндегі ең көне әрі ең беделді іс-шаралардың бірі – 61-ші Венеция биенналесі басталды. 1895 жылы негізі қаланған биеннале әлемнің әр түкпірінен суретшілерді, кураторларды, зерттеушілерді және мәдениет өкілдерін жинап, жаңа көркем идеяларды таныстыру мен халықаралық мәдени диалог орнатудың басты алаңдарының бірі болып келеді.

2026 жылғы биенналенің тақырыбы – «Минорлық әуендерде». Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тақырып суретшілер мен көрерменді терең сезім мен ішкі толғанысқа жетелейді. Тұжырымдаманың негізіне импровизация мен еркін ырғаққа құрылған джаз өнері арқау болған.

Биыл Қазақстан Венеция биенналесіне үшінші рет қатысып, Ұлттық павильонда «Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасын ұсынуда. Экспозиция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан павильоны биенналенің негізгі алаңдарының бірі саналатын Арсенале кіреберісіне жақын орналасқан Museo Storico Navale музейінде ашылды.

Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы, Мальта Республикасындағы және Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, Венеция биенналесінің президенті Пьетранджело Буттафуоко, сондай-ақ Қазақстан мен Италияның шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Айбек Сыдықов Венеция биенналесінің мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға ықпал ететін әлемдегі ең маңызды мәдени алаңдардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін биенналеге қатысу – әлемдік мәдени кеңістіктегі ортақ диалогқа үн қосу мүмкіндігі. Біздің заманауи өнеріміз дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысында дамып келеді. Соның нәтижесінде тарихи мұра мен дала болмысына тән мәдени код жаңа көркем ізденістер арқылы жаңаша қырынан танылуда», – деді вице-министр.

«Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасының кураторы – Сырлыбек Бекбота. Жобаның идеялық негізі – композитор Әбікен Хасеновтің дәстүрлі «Qoñyr» күйі. Экспозицияда Qoñyr ұғымы ішкі әуезбен, рухани күймен және мәдени тәжірибемен сабақтас көркем образ ретінде ұсынылады.

Қазақ дүниетанымында «қоңыр» ұғымы тек түс пен әуезді білдірмейді. Ол – байыптылықты, терең ой мен ішкі сезімнің сабырлы қалпын аңғартатын ерекше күй.

«Қоңыр дауыс», «қоңыр ән», «қоңыр үн» тіркестерінде бұл сөз сабырлы, жұмсақ, барқыт әрі терең дыбысты білдіреді.

Куратордың айтуынша, In Minor Keys тақырыбы қазақтың дүниетанымдық болмысымен үндеседі.

«Заманауи өнердегі минорлық тон – нәзік сезім, астарлы мағына мен ішкі күй арқылы берілетін көркем ой формасы. Көрермен шығарманы сырттай бақылап қоймай, оның астарлы мәнін бірге сезініп, ой елегінен өткізетін қатысушыға айналады», – дейді Сырлыбек Бекбота.

Жоба бойынша жұмыс музыканттармен, философтармен, режиссерлермен, жазушылармен және мәдениет зерттеушілерімен пәнаралық диалог аясында жүргізілді. Дәл осы шығармашылық ізденіс барысында «Qoñyr: Тыныштық архиві» тұжырымдамасы қалыптасты.

Museo Storico Navale музейінің өзара жалғасқан бес залында орналасқан экспозиция көрерменге дыбыс, кеңістік және визуал образдар арқылы әсер ететін иммерсивті форматта ұсынылған.

Смайыл Баялиев, Ақмарал Мерген, Гүлмарал Тәтібай және Наталья Лигайдың Steppe Architectonics атты туындысы – алып жылқы мүсіндері, тұяқ дүбірі мен дала шөбінің иісі арқылы көрме кеңістігін сезім арқылы қабылданатын алаңға айналдырады.

Мансұр Смағамбетов, Оралбек Қабөке және Нұрбол Нұрахметтің экспозициялары да тақырыпты одан әрі тереңдете түседі. Дыбыс, объект және инсталляция арқылы суретшілер өткеннің ізі күнделікті өмірде қалай сақталып, қалай жалғасатынын көрсетеді.

Сонымен қатар, Анар Әубәкірдің Matrix of a New Subject атты жұмысы да ұсынылған. Онда түйе жүнінен тоқылған ескі көрпенің ішкі қабаты көркем нысан әрі ұрпақтар сабақтастығының архиві ретінде бейнеленген.

Экспозициялық бағыт Ардақ Мұқанованың Qoñyr Äulie: Immersion into the Quiet Depths атты цифрлық туындысымен түйінделеді. Бұл – жарық пен мифті тікелей баяндаудан гөрі, оны ішкі түйсік арқылы сезінуге жетелейтін киелі кеңістік.

Биеннале президенті Пьетранджело Буттафуоко Қазақстан жобасының рухани толғаныс тақырыптарымен ерекше үндесетінін атап өтті.

«Қазақстан өнері де Қазақстанның өзі секілді төл тарихы мен мәдени болмысына арқа сүйей отырып, болашаққа ұмтылады және қазіргі заманғы көркемдік бағыттарды табиғи түрде бейнелейді. Мені әсіресе өткен мен бүгінді байланыстыратын тақырып қызықтырды. Өнердің өзінің бірегей көркемдік үнін сақтай отырып, белгілі бір деңгейде архивке айнала алуы айрықша әсер қалдырды. Бұл рухани ізденістен, ішкі толғаныстан, сондай-ақ поэзия мен музыканы көркемдік пайымның негізгі құралдары ретінде таңдаудан көрініс табады», – деді Пьетранджело Буттафуоко.

Айта кетейік, биылғы жоба Ұлттық павильонды дайындау ісіндегі жаңа кезеңнің бастамасы болды. Қазақстан алғаш рет кураторлар мен суретшілерді ашық конкурс негізінде іріктеді. Іріктеу екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұсынылған материалдарға сараптамалық бағалау жүргізілсе, кейін финалистермен онлайн форматта сұхбат өтті.

61-ші Венеция биенналесі 2026 жылғы 9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтеді. Биыл оған әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам ұлттық павильон қатысуда.

139
06.05.2026