Қазақ үшін киіз үй ешқашан қарапайым баспана болмаған. Ол — ошақтың, тектің, отбасы берекесінің, табиғатпен етене өмір сүрудің нышаны.
Бүгінде осы киелі баспананың тынысы қайта ашылып отыр. Дәстүрді жаңа технологиямен ұштастыра білген жаңашыл жандар киіз үйге жаңа өмір сыйлауда. Солардың бірі — қайың фанерінен киіз үй жасауды қолға алған Алтынай Тәңірбергенова. Оның командасы жеңіл, берік әрі экологиялық үйлерді жасап, қасиетті шанырақ мәнін сақтап қана қоймай, оны XXI ғасыр адамына лайықтап ұсынып отыр.
Qazaq Culture басылымына берген сұхбатында Алтынай киіз үйді қайта түлетуге не түрткі болғанын, шанырақтың «күш-қуат мекені» ретіндегі мәнін және дәстүрлі кеңістікте өмір сүрудің философиясын әңгімелеп берді.
— Киіз үй жасауды алғаш ойға алған сәтіңіз есіңізде ме?
— Мамандығым бойынша инженер әрі экономистпін. Үшінші қызымды дүниеге әкелген соң психолог мамандығы бойынша білім алдым. «BI Жұлдызай» қорында жұмыс істедім, онда біз ерекше балалармен жұмыс істедік. Сол кезде ұстаздардың қазақ тілінде мейіріммен сөйлегенін көріп, бойымда туған тіл мен мәдениетке деген шынайы сүйіспеншілік оянды. Кітаптар оқып, дәстүрді зерттедім, этномәдениетке барған сайын тереңдей түстім.
2015 жылы қордан кетіп, жеке жұмысқа кірістім: қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсеттім, этнотуризм туралы ойландым. Сол кезде бізде көшпенділердің бай мұрасын жүйелі түрде танытатын орта жоқ екенін түсіндім. Сөйтіп, киіз үйді қайта жаңғырту идеясы туды.
— Неліктен дәл киіз үй? Және неге оны жай баспана емес, экологиялық технология дейсіз?
— Киіз үйдің дөңгелек пішіні — табиғатпен үндестіктің көрінісі. Оның ішінде жарты сағат отырғанның өзінде адамның көңіл-күйі түзеліп, жан дүниесі тынышталады. Киіз үй — баспана ғана емес, сана мен саулыққа әсер ететін орта.
Мен ойладым: Қазақстанға келген шетелдік алдымен киіз үйді көруі тиіс. Өйткені ол — халқымыздың мәдени коды. Әрі ол табиғи материалдан жасалған нағыз киіз үй болуы керек.
— Киіз үйдің сіз үшін қасиеті неде?
— Ол — ата-баба аманаты, тектік жады. Киіз үй — әулет пен отбасының, жылулық пен берекенің нышаны. Ол бізге тамырымызды жоғалтпай сақтауымыз керек мұрамызды еске салады. Мен үшін киіз үй — «кім екенімізді ұмытпау». Бұл нағыз Made in Qazaqstan.
— Сіз қолданатын станоктардың өзгешелігі неде?
— Біз көне қолөнер тәсілдерін қайта тірілтіп, гидравликамен жетілдірдік. Қазір жаңа шеберлерді оқытып, команда құрып жатырмыз. Біздің барлық киіз үйлерді қазақстандық ұсталар жасайды. Бұл — шынайы Made in Qazaqstan.
— Неліктен қайың фанерін таңдадыңыз?
— Ол уақыт сынынан өткен материал. Біз 30 қабатқа дейін желімдеп жасаймыз, нәтижесінде берік әрі ұзаққа шыдайтын құрылым аламыз. Мұндай фанер ісінбейді, сынбайды, киіз үй ондаған жылдар бойы қызмет етеді. Біз үшін киіз үй «бір күндік тауар» емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын, бір шаңырақ астында отбасы құндылықтарын сақтайтын мұра болуы маңызды.
— Жастар киіз үйге қалай қарайды?
— Қызығушылықпен қабылдайды. Жастар тамырын іздейді, тарихқа үңіледі. Біздің міндет — осыны дұрыс жеткізу. Киіз үйді өткеннің сарқыншағы емес, қазіргі өмірге де лайықты, тірі дәстүр екенін көрсету.
— Сіздің киіз үйіңізді тігуге қанша уақыт кетеді? Ол қаншалықты жеңіл?
— Жинау оңай. Бұрын шанырақты тек ер адам көтерсе, қазір оны әйел де жасай алады. Біз киіз үйді табиғи ағаш түстерімен әрлеп, ата-бабамыздың рухына жақын атмосфераны сақтаймыз.
— Компанияңыздың болашағын қалай елестетесіз?
— Шетелдік серіктестермен сөйлесіп жатырмыз, экспортқа шығуды жоспарладық. Арманымыз — әр қазақтың ауласында киіз үй тігу мүмкіндігі болуы. Сондай-ақ жалға берілетін киіз үйлерді де дайындап жатырмыз.
— Сіз үшін киіз үй — бизнес пе, әлде миссия ма?
— Бұл жай бизнес емес. Өзім жұбайыммен киіз үйде тұрамын. Киіз үй — табиғи, таза орта. Бұл менің миссиям: әр отбасы үшін әулеттік ұя болатын үйлер жасау. Болашақта көп бөлмелі киіз үйлерді де ұсынып, отбасыларды бір шанырақ астына — тура мағынасында — жинауды көздеп отырмыз.
— Киіз үйді үш сөзбен сипаттасаңыз?
— Ортақ үй. Жүрек. Күш-қуат мекені.