Қайрат Шапабаевтың тарихтан тамыр тартқан шығармашылығы

Қайрат Шапабаевтың тарихтан тамыр тартқан шығармашылығы

Нағыз шеберлік бір күнде қалыптаспайды. Оның артында жылдар бойы үздіксіз ізденіс, маңдай тер, талай сәтсіздіктен түйген сабақ және өз ісіне деген адалдық жатады. Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Қайрат Шапабаев – ұлттық мұраны заман талабымен үндестіріп жүрген сондай шеберлердің бірі.

«Мен креативті индустриядағы өз орнымды тарихи дүниелерді заманауи үлгіде жаңғыртып, оларды бүгінгі қоғаммен байланыстыру деп түсінемін. Заман өзгеріп жатыр, адамдардың талғамы да жаңаруда. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – сол жаңашылдықтың тамыры тарихтан ажырамауы», – дейді шебер.

Қайраттың өнерге деген қызығушылығы кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұл – атадан балаға жалғасқан аманат. Оның нағашы атасы да қолөнермен айналысқан. Сондықтан шебер ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті өз бойына дарыған қасиет деп біледі.

Шығармашылық жолын 2004 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Шығыс өнер академиясында бастап, кейін сәндік-қолданбалы өнер мен дизайн саласында білімін жетілдіргенімен, Қайрат Шапабаев кәсіби қалыптасуына ең үлкен мектеп музей болғанын айтады.

«Ұстаздарым: Егер өз қолтаңбаңды қалыптастырғың келсе, алдымен музейде жұмыс істе», – деп кеңес берді. Сол жерде реставрация бөлімінде қазақтың ұлттық бұйымдарын зерттедім. Әрбір оюдың, әрбір бұйымның тарихын таныдым. Кейін бұл тәжірибе өз брендімді қалыптастыруға берік негіз болды», – дейді ол.

Бүгінде Қайрат Шапабаевтың туындылары дәстүр мен заманауи дизайнның үйлесімімен ерекшеленеді. Ол тарихи өрнектерді бүгінгі эстетикамен ұштастырып, ұлттық өнердің жаңа тынысын қалыптастырып келеді.

Шебердің айтуынша, шығармашылықтағы ең басты қағида – ешкімді қайталамау.
«Әрбір шебердің өз қолтаңбасы болуы керек. Мен ешкімге ұқсамайтын, өз стиліммен жасалған дүниелерді ұсынуды мақсат еттім. Алғашында көпшілік түсіне қоймады. Бірақ өз жолымнан тайған жоқпын. Ізденуді де, үйренуді де тоқтатқан емеспін», – дейді Қайрат Шапабаев.

Бүгінде оның ұлттық нақыштағы авторлық жұмыстары тарихи мұраны жаңа қырынан танытып, дәстүрлі қолөнердің заманауи қоғамда да сұранысқа ие екенін дәлелдеп келеді.

Қайрат Шапабаевтың шығармашылық жолы – өткен мен бүгіннің арасын жалғаған көпір іспетті. Оның әрбір туындысында қазақ тарихының ізі, ұлттық рухтың қуаты және бүгінгі заманның тынысы қатар өріліп жатыр. Осындай шеберлердің еңбегі арқылы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы жаңа буынмен қайта қауышып, болашаққа нық қадам басуда.

99
14.07.2026