“Creative Aimaq” жобасы аясында серіктестік мүмкіндіктері талқыланды

“Creative Aimaq” жобасы аясында серіктестік мүмкіндіктері талқыланды

Астанада өңірлік креативті индустрияларды дамытуға бағытталған Creative Aimaq жобасы іске қосылды. Жоба аясында 13-14 маусым күндері елордада «Ұлы даланың мұрасы. Шабыт мекені. Болашақ экономикасы» тұжырымдамасымен көрме ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» және өңірлік кәсіпкерлер арасында серіктестік мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу барысында жергілікті брендтерді қолдау, креативті экономиканы дамыту және шығармашылық жобаларды ілгерілету үшін бірыңғай орта қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ өңірлік креаторлар үшін жаңа сату нарықтарын қалыптастыру, өнімдерді коммерцияландыру және отандық брендтерді халықаралық нарыққа шығару жолдары талқыланды.

Жоба аясында Qazaq Creative Hub алаңында 200-ден астам қолөнерші, дизайнер, суретші, стартап авторлары мен шығармашылық бизнес өкілдері өз өнімдерін ұсынды. Келушілер зергерлік бұйымдар, ағаш, былғары және киізден жасалған қолөнер туындылары, ұлттық киім топтамалары, музыкалық аспаптар мен заманауи технологиялық жобалармен танысуға мүмкіндік алды.

Creative Aimaq жобасының мақсаты – Астана тұрғындары мен қонақтарын өңірлердің шығармашылық әлеуетімен, жергілікті брендтерімен және мәдени бастамаларымен кеңінен таныстыру. Жобаның алғашқы аптасы Ақмола облысына арналды. Бүгінде өңірде креативті индустрия саласында 1 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген, бұл бастаманың өңірлік креативті экономиканы дамытудағы маңызын айқындай түседі.

61
01.07.2026