«Астана Операда» «Музыкалық қонақжай» циклы жалғасады

«Астана Операда» «Музыкалық қонақжай» циклы жалғасады

«Жүрек әуені...» мерекелік концерті тыңдармандардың жүрегін өзінің бай репертуарымен және камералық атмосферасының жылылығымен жаулаған «Музыкалық қонақжай» циклінің жалғасы болады.

Бұл кеште көрермендерді нағыз музыкалық калейдоскоп күтеді: Қазақстан композиторларының әндері, ретро-композициялар, өткен ғасырдың хит әндері және әлемдік классиканың танымал туындылары.

Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембірова, «Мәдениет саласының үздігі» Ләйлә Сейітова, Саида Үсеналиева орындайды. Олардың сүйемелдеуімен сахнада театрдың опералық труппасының солистері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, солистер Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Елена Низамутдинова (шақырылған сопрано), Салтанат Мұратбекова, Артур Ғабдиев, Талғат Аллабиринов, Алмат Ізбамбетов (шақырылған тенор), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, Сұлтан Бақытжан және Болат Есімханов өнер көрсетеді. Жоба авторы – Қазақстанның халық әртісі, профессор Хорлан Қалиламбекова.

Сонымен қатар, музыкалық кешке аспапшылар – скрипкашылар Эльмира Жармұхамедова, Айя Ғаббасова және виолончельші Данияр Қадралинов қатысады.

«Қаңтар айында біз «Музыкалық қонақжай» циклінен концерт ұсындық, енді оны жалғастырамыз. Көпшілік сүйікті әуендер – А.Бабаджанян, И.Дунаевский, М.Таривердиевтің әндері, сондай-ақ неаполитандық әндер, романстар, оперетталардан ариялар орындалады. Барлық шығармаларды бір тақырып – махаббат біріктіреді», - деп айтты Раушан Бескембірова.

«Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова мұндай концерттер театрдың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Біз Хорлан Ихсановна құрған бұл жобаға К.Байсейітова атындағы театрдың кезінен бері қатысып келеміз және біздің «Музыкалық қонақжайымыз» енді «Астана Опера» театрында өз тарихын жаңа идеялармен, эмоциялармен, дыбыспен толықтыра жалғастырып жатқанына өте қуаныштымыз. Әсіресе оның жас орындаушыларға жол ашып, оларға ұлы композиторлардың шығармаларына қол тигізуге мүмкіндік беретіні құнды», - деп атап өтті Айгүл Ниязова.

«Жүрек әуені...» концерті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтеді және көктемгі көңіл-күй, нәзіктік пен шабыт атмосферасын сыйлайтыны сөзсіз. Жоба авторы махаббатты дәріптейтін, барлық тыңдармандар үшін тамаша сыйлық болатын музыканы арнайы таңдады.

246
03.03.2025