
Алматыда суретшілер Жазира Жұмашева мен Әсел Әбілхайдың туындылары қойылған «Ғасырлар үні: киіз бен кенеп» көрмесі ашылды.
Көрме Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында өтіп жатыр. Көрермен назарына киіз, жіп пен матадан жасалған шығармалармен қатар кескіндеме туындылары да ұсынылған.
Суретшілер қазақ мәдениетіне тән дәстүрлі материалдар мен бейнелерді қазіргі өнердің көркемдік мүмкіндіктері арқылы жаңаша пайымдайды. Көрмеде киіз сәндік-қолданбалы өнердің материалы ретінде ғана емес, көркем ойды жеткізудің дербес құралы ретінде де танылады. Ал кенеп, түс, сызық пен материалдың өзіндік бедері киізбен үйлесім тауып, бірін-бірі көркемдік тұрғыдан толықтыра түседі.
Көрменің негізгі арқауы – мәдени сабақтастық, табиғат, сайын дала, қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі және суретшілердің өзіндік көркемдік көзқарасы. Авторлар ұлттық нақыштарды сол күйінде қайталауды мақсат етпейді. Керісінше, композиция, ырғақ, түс пен материалдың пішіндік ерекшеліктерін шебер пайдалана отырып, дәстүрлі мұраның жаңа қырларын ашуға ұмтылады.
Жазира Жұмашеваның «Кереге» атты туындысы қазақтың киіз үй құрылысынан сыр шертеді. Шығармада киіз бөлшектері, «қошқармүйіз» оюы мен керегенің ар жағынан ашылатын табиғат көрінісі өзара үйлесім тапқан.
«Ғасырлар үні: киіз бен кенеп» көрмесі дәстүрлі қолөнер материалдарының заманауи өнерде тың сипатқа ие болып, суретшінің дара қолтаңбасы мен шығармашылық еркіндігін танытудың өзіндік көркемдік құралына айналатынын көрсетеді.
Көрме 2026 жылғы 16 қазанға дейін жалғасады.