
Алматыда Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» көрмесі өз жұмысын бастады. Жоба Қазақстан тарихында, мәдениеті мен өнерінде айрықша із қалдырған әйелдерге арналған. Экспозицияға Алматы музейі қорынан алынған, қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдеріне қатысты құнды жәдігерлер қойылған. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасы хабарлады.
Көрме келушілерге ұлттық өнер мен сахна мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан жарқын тұлғалардың мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. Экспозиция кейіпкерлерінің қатарында Хадиша Бөкеева, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Мадина Ералиева және Сәуле Жанпейісова бар. Көрмеден олардың жеке заттарын, сахналық және концерттік киімдерін, мұрағаттық фотосуреттерін, құжаттары мен портреттерін көруге болады.
Экспозицияда концерттік және театрлық киімдерге ерекше көңіл бөлінген. Олар қазақ сахна өнерінің әр кезеңіндегі болмысын айқын көрсетеді. Көрмені сирек кездесетін фотосуреттер мен мұрағат материалдары толықтырып, өнер иелерінің шығармашылық жолымен қатар өмір жолын да тереңірек тануға жол ашады.
Жоба мәдени кеңістіктегі әйел бейнесінің маңызын ашып көрсетуге, сондай-ақ қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің бай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Экспозиция арқылы қазақ әйелдерінің ұлттық мәдениетті дамытудағы еңбегі, таланты, рухының беріктігі және өнерге деген адалдығы айқын көрініс табады.
Көрме 12 наурызға дейін келушілер үшін ашық болады.