Қыш өнерінің біз білмейтін қырлары

Қыш өнерінің біз білмейтін қырлары

Қыш құмыра жасау – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне қолөнердің бірі. Кейінгі жылдары бұл өнерге деген қызығушылық артып келеді. Дәстүрлі шеберлікті жаңғырту арқылы ұлттық мұраны дәріптеу бүгінде ерекше маңызға ие.

Қыш шебері Нұрсұлтан Орынбасарұлымен құмыра жасаудың тарихы мен технологиясы, сондай-ақ оның денсаулыққа тигізер пайдасы туралы әңгімелестік.

– Нұрсұлтан мырза, қыш құмыра жасау өнерін қалай меңгердіңіз?

– Негізі, бұл өнерге келуім кездейсоқ болды. Отбасымда әкем де, анам да – суретші, екеуі де өнерге жақын жандар. Сондықтан мен де жастайымнан сурет салып өстім. Кішкентай күнімнен түрлі байқауларға қатысып жүрдім.

Анам Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс істейді. Сол кісі мені ешбір жарыстан қалдырмайтын. Халықаралық байқауларға да қатыстық. Уақыт өте келе суретке, жалпы өнерге деген қызығушылығым арта түсті.

Кейін оқуымды аяқтаған соң құмыра жасау өнерін кездейсоқ көріп қалдым. Содан бастап осы бағытты біртіндеп зерттей бастадым. Ізденіс барысында өзімнің жаңа қырларымды ашып, күтпеген жаңалықтарға тап болдым. Осылайша бұл өнердің мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндім.

– Алдымен, құмыра өнерінің тарихына тоқталсақ. Ең көне құмыралар қайдан табылған?

– Қыш бұйымдарының ең көне үлгілері Қытай мен Жапония аумағынан табылған. Кейін бұл өнер Мысыр, Грекия және Рим дәуірінде кеңінен дамыды.

Қазақстан аумағында құмыра жасау қола дәуірінен, шамамен б.з.д. II мыңжылдықтан бастап белгілі. Кейін орта ғасырларда Отырар қалашығы, Тараз және Сауран сияқты қалаларда қыш өндірісі кеңінен өркендеді.

Ертеде саздан әртүрлі ыдыстар жасалған. Олар су сақтауға, қымыз құюға және басқа да тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылған. Сонымен қатар түрлі сәндік бұйымдар да дайындалған. Кейде мұндай бұйымдарды той-думан мен мерекелерде сыйлық ретінде ұсынған.

Тағы бір қызығы, Ұлы Жібек жолының Қазақстан аумағы арқылы өтуі де қыш өнерінің дамуына ықпал етті. Сол кезеңде шеберлер жасаған ыдыстар мен түрлі бұйымдар саудаға шығарылып, басқа өңірлерге таралған.

Жалпы, құмыра жасау – кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнер. Жылдар өткен сайын әр шебер өз тәжірибесін тереңдетіп, шеберлігін шыңдай түседі. Бұл өнерде «үйреніп алдым, енді толық шебермін» деген ұғым жоқ. Бес жыл, он жыл айналыссаңыз да, оның шегі болмайды. Уақыт өте келе қыш өнері сізді әлі де таңғалдырып, жаңа дүниелерді үйретіп отырады.

– Құмыралар қалай ұзақ уақыт сақталған?

– Саздан жасалған бұйымдар ғасырлар бойы сақталуы үшін олар міндетті түрде күйдіру процесінен өткен. Күйдіру температурасы қолданылатын саздың түріне қарай әртүрлі болады.

Мысалы, қызыл саз шамамен 1200 градус температурада күйдіріледі. Соның нәтижесінде ол берік әрі қатты қыш бұйымға айналады.

Ал ақ саздың құрылымы майлырақ әрі жұмсақтау келеді. Оны шамамен 800 градус температурада күйдіреді. Яғни әр материалға сәйкес күйдіру температурасы таңдалады. Дәл осы технологияның арқасында құмыралар ұзақ уақыт өтсе де, өз қалпын сақтап қалады.

– Қазіргі таңда жастар арасында құмыра жасау өнеріне қызығушылық артып келеді. Бұл өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы туралы не айтасыз?

– Қыш құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы көп. Әсіресе балалар үшін тиімді. Жалпы, адамның алақанында көптеген жүйке нүктелері болады. Сазбен жұмыс істеу алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі.

Одан бөлек, құмыра жасап отырған кезде адамның бар зейіні сол жұмысқа ауады. Қолдың қимылы, саздың пішіні, оның тепе-теңдігін сақтау – мұның бәрі мұқияттылықты талап етеді. Саз балшықты иіріп отырған кезде ми мен қол қатар жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ойлау қабілетін, зейінді және қимыл-қозғалыс үйлесімін дамытуға ықпал етеді.

Сондай-ақ бұл өнер сабыр мен төзімділікке де үйретеді. Себебі құмыра жасау асығыстықты көтермейді. Оның әр кезеңін байыппен, мұқият орындау қажет.

– Қазір құмыралар қалай жасалады? Әр кезеңіне тоқталып өтсеңіз.

– Бұрын ата-бабаларымыз құмыраны арнайы механикалық құрылғының көмегімен жасаған. Оның төменгі бөлігі аяқпен қозғалып, үстіндегі айналмалы шеңберге саз балшық қойылатын. Шебер сол сазға қолмен пішін берген.

Қазір заман өзгерді, технология дамыды. XXI ғасырда автоматтандырылған арнайы станоктар қолданылады. Дегенмен технология өзгергенімен, құмыра жасаудың негізгі тәсілі мен қағидалары сол күйінде сақталған.

Жалпы, құмыра жасау бес негізгі кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өз техникасы мен ерекшелігі бар.

Бірінші кезең – центрлеу. Бұл кезде саз балшық айналмалы шеңбердің дәл ортасына орналастырылып, оның ішіндегі ауа шығарылады. Егер саз дұрыс иірілмесе, кейін құмыраның пішіні де дұрыс шықпайды.

Екінші кезеңде құмыраның ішкі құрылымы жасалады. Ол үшін саздың дәл ортасы тесіліп, ішкі түбі қалыптастырылады. Түбі анықталғаннан кейін қабырғалары ашылып, құмыраның негізгі пішіні жасала бастайды.

Үшінші кезеңде құмыраның биіктігі анықталып, бойы көтеріледі. Осы кезде құмыраның жалпы биіктігі қалыптасады.

Төртінші кезеңде құмыраның негізгі тұлғасы шығарылады. Яғни оның қарны жасалады. Ол үшін оң қол құмыраның ішіне, сол қол сыртына қойылады. Екі қолды үйлестіре отырып, саз іштен сыртқа қарай бірқалыпты итеріледі. Осылайша құмыраның кең бөлігі – қарны қалыптасады.

Бесінші, соңғы кезеңде құмыраның мойны шығарылады. Бұл жолы саз іштен итерілмейді. Екі қолдың бас бармағы мен сұқ саусағының арасындағы бұлшықет арқылы құмыра екі жағынан біркелкі қысылып, жоғары қарай баяу көтеріледі. Сол кезде мойны жіңішкеріп, құмыраның бізге таныс пішіні пайда болады.

– Олар қанша уақыт сақталады?

– Құмыраның ұзақ сақталуы шебердің әр кезеңді, әр әдісті қаншалықты дұрыс орындағанына байланысты. Егер барлық технологиялық талап дұрыс сақталса, құмыра өте берік болып шығады.

Шебер өз ісінің маманы болса, оның жасаған бұйымы жүздеген жыл сақталуы мүмкін. Тіпті жер астында ұзақ уақыт жатып, бүгінге дейін бұзылмай жеткен құмыралар аз емес. Бүгінде археологтар көне қалалардан тауып жатқан қыш ыдыстар – соның айқын дәлелі.

Жалпы, құмыра жасау бір бөлек, оны дұрыс күйдіріп, беріктігін арттыру бір бөлек. Күйдіру технологиясы талапқа сай орындалса ғана бұйым ұзақ сақталып, сапасын жоғалтпайды.

– Құмыраның классикалық үлгісінен бөлек қандай түрлерін жасайсыз?

– Этноауылдағы «Qazaq Ceramics Burabay» студиясы ашылар кезде бұрынғы шеберлер қандай құмыра түрлерін жасағанын зерттедік. Ізденіс барысында өте қызықты дерекке тап болдық. Сөйтсек, бұрынғы шеберлер тек тамақ пен су сақтайтын құмыралармен шектелмеген. Олар көлемі шамамен төрт-бес сантиметр болатын өте кішкентай құмыралар да жасаған. Бұл құмыра «сыбдыр құмыра» деп аталған.

Деректерге сүйенсек, ерте кезде той-думан мен мерекелерде мұндай құмыраларды он үш жасқа дейінгі балаларға сыйлық ретінде тарту еткен. Қамшы, асық секілді ұлттық сыйлықтардың қатарында сыбдыр құмыра да болған.

Кейін осы атаудың шығу тарихын да зерттей бастадық. Балалар өздерінің кішкентай құмыраларын түрлі бояумен әрлеп, сыртына ою-өрнек салып безендірген. Содан соң құмыраның ішіне ешкімге айтпаған арман-тілектерін сыбырлап айтқан. Сол себепті халық арасында ол «сыбдыр құмыра» деп аталып кеткен.

Бұл – уақыт өте келе ұмытылып бара жатқан көне дәстүрлеріміздің бірі. Қазір біз осы тарихты қайта жаңғыртып, орталығымызда сыбдыр құмыра жасау дәстүрін жандандырып жатырмыз. Осы арқылы балаларға ұлттық мұрамызды таныстырып, ата-бабаларымыздың дүниетанымын дәріптеуді мақсат етеміз.

185
07.07.2026