
Қазақ мемлекеттік циркінде түрлі елдердің өнерпаздарын тоғыстырған IV Almaty Circus Festival халықаралық цирк өнері фестивалі аяқталды.
Фестивальдің бас жүлдесін Қытайдың Hebei Wuqiao Acrobatic Arts School мектебінің өкілдері Чжан Хао мен Ли Тянь Мэн жеңіп алды. Олар бос сым мен керме арқандағы өнерді үйлестірген Double Wire Act нөмірін ұсынды.
Алтын жүлдеге Venus жұптық диаболо нөмірін орындаған француз әртістері Турбелин Матео Антуан мен Савари Элия, Урангоо Чинбатар жетекшілік ететін моңғолиялық Selenge труппасы, сондай-ақ Беларусь мемлекеттік циркінің әуе гимнасттары Егор мен Анастасия Коваленко ие болды.
Күміс жүлдені венгриялық Kriko дуэті, ресейлік әртіс Ольга Рожковская және швейцариялық Janine & Fabien дуэті иеленді. Қола жүлде Өзбекстанның Sky Angels Infinity Aliyeva ұжымына, Украина мен Армения атынан өнер көрсеткен жонглер Давид Емишянға және Шымкент циркінің «Аспан арулары» әуе гимнасттарына табысталды.
Байқау нөмірлерін цирк ұйымдарының, халықаралық фестивальдер мен продюсерлік компаниялардың басшыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Қатысушыларға арнайы жүлделер табысталып, бірқатары халықаралық жобаларға шақырту алды.
Фестиваль әртістерінің қатысуымен өтетін гала-шоу Қазақ мемлекеттік циркінде 23 тамызға дейін көрсетіледі.