Президенттік орталықта Қазақстанның ғарышты игеру жолына арналған көрме ашылды

Президенттік орталықта Қазақстанның ғарышты игеру жолына арналған көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Қазақстанның жұлдызды жолы: ғарыш қаһармандарының мерейтойларына орай» атты көрме ашылды. Экспозиция қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына, өзінің 80 жас мерейтойына және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған.

Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылғы 2 қазанда ғарышқа ұшуы ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Байқоңыр ғарышайлағынан «Союз ТМ-13» кемесімен аттанған бұл сапар отандық ғарыш саласының жаңа кезеңіне жол ашып, тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстан үшін айрықша тарихи мәнге ие болды.

Шара Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Көрменің ашылуына қатысушылар қазақстандық ғарышкерлердің отандық ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Байқоңырдың адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы маңызын атап өтті.

Көрме екі бөлімнен тұрады. Біріншісі Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыш сапарларына арналған. Мұнда олардың сапарларына қатысты жәдігерлер, соның ішінде ғарышкерлердің киімі мен жабдықтарының бөлшектері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Байқоңыр топырағы салынған капсула, ғарышкерлерге арналған тағам жиынтықтары және өзге де музейлік материалдар ұсынылған.

Көрмеде Талғат Мұсабаевтың жетістіктеріне ерекше орын берілген. Ол ғарышқа үш рет ұшып, орбитада 341 тәуліктен астам уақыт өткізген. Ашық ғарышқа жеті рет шығып, онда жалпы 41 сағаттан астам жұмыс істеген.

Екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласының дамуына арналған. Онда Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапары, саланың бүгінгі жетістіктері мен алдағы даму бағыттары таныстырылады. Келушілердің назарына Жердің жасанды серіктерінің макеттері де ұсынылған.

213
03.10.2026