
Қазақстандық скрипкашы Әсел Мекебаева әйгілі «Дюна» фильмінің желісіне негізделген бейнежобасын көпшілік назарына ұсынды. Шығармашылық жұмыс Маңғыстау облысының табиғи көріністері аясында түсіріліп, әлемге әйгілі кинотуындының атмосферасын Қазақстанның қайталанбас табиғатымен ұштастырған. Жобаның ерекшелігі – барлық бейнежазбаның жасанды интеллект көмегінсіз, табиғи жағдайда түсірілуі.
Түсірілім жұмыстары Маңғыстау облысындағы Сенек ауылының маңындағы құмды шағылдар мен Бозжыра шатқалында жүргізілген. Ерекше жер бедері, алып жартастары мен шөлді алқаптары арқылы танылған бұл мекендер фильмдегі Арракис ғаламшарының көріністерін еске салады. Осылайша, түсірілім тобы қазақстандық табиғат аясында көрерменге фантастикалық кино әлемінің атмосферасын жеткізуді көздеген.
Әсел Мекебаеваның айтуынша, жобаға дайындық жұмыстары үш айға созылған. Биыл маусым айында шығармашылық топ Маңғыстау облысына арнайы барып, бірнеше музыкалық бейнематериал түсірген.
– Биыл маусым айында командамызбен бірге «Дюна» фильмінен шабыт алған ауқымды музыкалық жобаны жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысына жол тарттық. Сонымен қатар қазақ шығармаларына арналған бейнежазбалар да түсірдік. Сондықтан «Дюна» туындысына арналған бейнематериалдың тұсаукесерін кинофраншизаның үшінші бөлімінің жарыққа шығуы қарсаңында, қараша айына жоспарладық, – дейді скрипкашы.
Музыканттың бұл туындыны таңдауы кездейсоқ емес. Оның айтуынша, фильмнің алғашқы екі бөлімі ерекше әсер қалдырған. Әсіресе композитор Ханс Циммердің музыкасы, фильмнің әдемі көріністері мен ауқымы шығармашылық идеяның қалыптасуына түрткі болған.
– Маған «Дюна» фильмінің алғашқы екі бөлімі қатты ұнады. Ханс Циммердің музыкасына, фильмнің көркем көріністері мен ауқымына тәнті болдым. Музыка мен сурет осындай үйлесім тапқан туындылар сирек кездеседі. Сондықтан осы атмосфераны скрипка арқылы жеткізгім келді, – дейді Әсел Мекебаева.
Жобаға дайындық сәуір айында басталып, үш айға созылған. Осы кезеңде арнайы шығармашылық топ жасақталып, түсірілімнің ұйымдастыру және көркемдік жұмыстары пысықталған.
Команда құрамында видеограф Шемшат Атаназарова, дрон операторы Серікбай Жәнібеков, визажист Айгерім Такаева, фотограф Асылбек Ақжол және видеограф-колорист Әділжан Мусапиров жұмыс істеген.
– Маңғыстауды таңдауымыз кездейсоқ емес. Бұл өңірдің ғажайып табиғаты мен ғарыштық пейзаждары өзге ғаламшар көрінісін елестетеді. Музыка мен кино өнерін ұштастыра отырып, Қазақстанның қайталанбас табиғатын әлемге танытқым келді. «Дюна» фильмінің әлемі мен туған жеріміздің табиғи сұлулығын бір жобада тоғыстыруды мақсат еттім, – деп бөлісті скрипкашы.
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы – еліміздің туристік әлеуеті жоғары табиғи нысандарының бірі.
Әсел Мекебаеваның бұл жұмысы да Қазақстанның табиғи байлығын музыка мен заманауи өнер арқылы таныстыруға бағытталған. Жоба отандық табиғат көріністерінің көркемдік мүмкіндігін көрсетіп, Маңғыстаудың бірегей табиғатына деген қызығушылықты арттыруға үлес қосады.