
Ұлттық киім күні – мазмұны терең, мәні айрықша күндердің бірі. Дизайнер Сандуғаш Әлімбекова бұл өнердің терең мағыналы, тәрбиелік мәні бар тұтас әлем екенін атап өтті. Бізбен сұхбатында ол өз жолы, ұлттық киімнің бүгінгі қоғамдағы орны және жастарға берер тағылымы туралы ой бөлісті.
– Сандуғаш Толымбекқызы, бұл мамандықты таңдауыңыздың себебі неде?
– Мен әртіс, әнші болуды армандағанмын. Алайда әкем бұл жолға рұқсат бермей, бағытымды өзгертті. Балалық арманым іште қалғанымен, сол сағыныш мені бәрібір сахнаға жақындатты. Сарғайған сағынышыма нүктені карантин барысында қойдым. Өнер адамдары уақытша сахнадан шет қалған шақта, мен қоғамға қажет іс жасауды жөн көрдім. Күндіз-түні мұқтаж жандарға бетперде тігіп, қайырымдылықпен айналыстым. Бұл еңбегім елеусіз қалмады. Ел Президенті «Халық алғысы» төсбелгісімен марапаттады. Осылайша еңбегімнің бағалануы маған өз жолымның дұрыс екенін көрсетті.
Ал, өнерге деген махаббат әлі де жүрегімде. Вокалмен анда-санда айналысып, кейде әртістермен бірге ән айтып, шығармашылық ортадан алыстамай жүрмін.
– Дизайнер-құрастырушы ретінде сіздің негізгі міндеттеріңіз қандай?
– Оқуға түсер алдында-ақ киім тігуді үйреніп, іс жүзінде үш бағытты қатар меңгердім: идеяны ойлап табу, оны жобалау және толықтай тігіп, жүзеге асыру. Негізінде бір сала сияқты көрінгенімен, оның ішінде бірнеше мамандық бар. Өкінішке қарай, көпшілік олардың айырмашылығын біле бермейді. Мысалы: дизайнер – идеяның авторы. Ол киімнің стилін, образын, мағынасын ойлап табады. Конструктор – сол идеяны нақты пішінге айналдырады, яғни сызба, лекало, өлшемнің бәрі осы жерде жасалады. Тігінші – дайын жобаны өмірге әкелетін шебер. Ол әр бөлшекті дәлдікпен біріктіреді. Портной – жеке тапсырыспен жұмыс істейтін маман. Кутюрье – жоғары сән әлеміндегі дизайнер. Ол эксклюзив, қайталанбас, қолмен жасалатын туындылар жасайды. Костюмер – театр, кино, концерт саласында дайын киімдерге жауап беретін, оларды сақтайтын, үйлестіретін маман.
Ал, сахнаға келетін болсақ, біз автоматты түрде киім суретшісіне айналамыз. Өйткені біз тек киім тікпейміз, біз образ жасаймыз, кейіпкердің мінезін, дәуірін, көңіл күйін киім арқылы жеткіземіз.
Сондықтан бізді тек «тігінші» деп атау – бұл үлкен еңбектің бір бөлігін ғана көру. Біздің жұмыс идеядан басталып, сахнада өмір сүретін образға дейін ұштасады.
– Ұлттық киімнің қоғамдағы рөліне тоқталып өтсеңіз.
– Ұлттық киім – халқымыздың рухани болмысы мен мәдени келбетін айшықтайтын асыл құндылық. Бүгінде ол тек мерекелік сипатпен шектелмей, күнделікті өмірде сәнге айналды. Ол қыз балаға нәзіктік пен әдептілікті, ер азаматқа байсалдылық дәріптейді. Заманауи дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнекті, киім үлгісін қазіргі стильмен үйлестіріп, киімге жаңа тыныс беруде. Олар өткен мен бүгінді байланыстырып, ұлттың мәдени ерекшелігін сақтауда.
– Бұл мереке сіз үшін қандай маңызға ие?
– Ұлттық киім күнінің мен үшін маңызы айрықша. Мен өз ұлтымның, тілімнің, мәдениетім мен дәстүрімнің, туған жерімнің жанашыр патриотымын. Орыс тілінде білім алғаныма қарамастан, ата-анамның санама сіңірген тәлім-тәрбиесі мен өмірлік ұстанымы мен үшін ең үлкен мектеп болды. Әкем – жазушы, сатирик Толымбек Әлімбекұлы, ал анам – журналист Гүлнәр Рысбекова. Менің болмысым, білімім, дүниетанымым – сол кісілердің берген тәрбиесінің жемісі. Сондықтан ұлттық киім мен үшін жай ғана сахналық образ емес. Ол менің ішкі дүниемнің айнасы, тамырым мен шынайы болмысым. Ұлттық киімді киген сайын өзімді тек көркем сезініп қана қоймай, нағыз қазақ ретінде сезінемін. Бұл менің саналы таңдауым, мақтанышым әрі өмірлік ұстанымым.
– Қазақ дәстүрлі киімдері несімен ерекшеленеді?
– Жалпы түркітілдес халықтардың киім үлгілерінде ортақтық басым. Бұл олардың бір тамырдан тарағанының, ұқсас тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының айқын көрінісі. Дегенмен, қазақтың ұлттық киімін даралайтын басты ерекшелік – оның кең дала табиғатына бейімделуі және еркіндік рухын айқын бейнелеуі.
Қазақ киімі – көшпелі өмір салтының айнасы. Ол кең, ыңғайлы, табиғатпен үйлесім тапқан. Түстерінің өзі табиғаттан алынған нәзік реңктерге негізделеді. Шапанның кеңдігі сайын даланың кеңдігін еске салса, матасының табиғилығы адамның жермен етене байланысын аңғартады.
– Ұлттық киім арқылы қандай құндылықтарды жеткізуге болады?
– Ұлттық киім – халықтың өзіндік болмысын танытатын «визит картасы». Қазіргі жаһандану дәуірінде адам өз тамырынан ажырап қалмау үшін ұлттық нақыштарға қайта бет бұрып жатыр. Бұл ұлттың өзін сақтауға деген ішкі қажеттілігінің белгісі. Қазақ үшін шапан, камзол, сәукеле – тұтас бір ұлттық код. Сол арқылы жастарға ата-баба мұрасын қадірлеу, ұлттық сана, рухани сабақтастық сияқты маңызды құндылықтарды жеткізуге болады. Заман өзгерсе де, технология дамыса да, ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын оның тілі, дәстүрі және киімі.
Тілін, дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең таныған адам ешқашан тамырсыз болмайды. Өзін, өз болмысын таныған жан өмір жолында адаспай, өз құндылығын жоғалтпайды. Сондықтан баршаңызға айтар тілегім – ұлтыңызды мақтан тұтып, тіліңізді құрметтеп, дәстүрлеріңізді жүрегіңізде сақтаңыздар. Қай жерде жүрсеңіздер де, өз болмыстарыңызды жоғалтпай, ұлттық рухты әрдайым биік ұстаңыздар.