
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл - тек отандық театр өнері емес, бүкіл ұлттық мәдениет үшін айрықша кезең. Театрдың ғасырлық тарихы Қызылордадағы алғашқы қойылымдардан басталып, елдің жетекші драмалық орталығына айналғанға дейінгі бай әрі мазмұнды жолды қамтиды. Бүгінде театр өз мұрасын жаңаша пайымдап, сахналық тілін жаңғыртып, жаңа буын актерлер мен режиссерлердің жолын ашып, болашағын сеніммен айқындап келеді.
Мерейтойлық маусымда Әуезов театры өткеніне жай ғана шолу жасап қана қоймай, қазіргі мәдени кеңістіктегі орнын жаңаша бағалап, келесі ғасырдың көркемдік бағдарын қалыптастыруды көздейді. Жүзінші маусымның мәні, дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы, шығармашылық серпін және жаңа көрермен туралы біз театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбекпен әңгімелестік.
Театрдың ғасырлық мерейтойы үлкен белес. Бұл мерейтой Сіз үшін нені білдіреді?
- Жүз жыл - жай ғана мерекелік дата емес, үлкен жауапкершілік межесі. . Осы уақыт ішінде театр қазақтың мәдени жадын, ұлттық драматургиясын сақтаған басты рухани ордалардың біріне айналды. Мерейтой бізге Қызылордадағы алғашқы қойылымдардан басталған жолды саралап, болашаққа бағыт-бағдар белгілеуге мүмкіндік береді.
Театрдың қалыптасуына айрықша әсер еткен тұлғалар мен оқиғалар туралы айта кетсеңіз?
- 1926 жылы театр негізінің қалануы бірінші директор Дінмұхамед Әділов, режиссер Жұмат Шанин және қазақ сахна өнерінің саңлақтары - Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев есімдерімен тығыз байланысты.
Алматыға қоныс аудару - шешуші кезең. Осында режиссерлік мектеп қалыптасып, қазақ классикасының ең маңызды қойылымдары дүниеге келді.
Театрдың өркендеуіне кеңестік кезеңдегі ұлы шеберлер - Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов және басқа да тұлғалар ықпал етті.
Тәуелсіздік жылдары жаңа есімдер сахнаға тың тыныс әкелді: Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков, Мұрат Нұрасілов, Азамат Сатыбалды, Назгүл Қарабалина және өзге де өнер иелері. Театр осы кезеңде батыл, заманауи, мазмұны терең бола түсті.
Дегенмен, жүзінші маусым айрықша кезең. Сіздің ойыңызша, оның көркемдік тұжырымдамасы қандай?
- Біз концепциясы үш тірекке негізделдік: дәстүр - бүгінгі күн - болашақ.
«Еңлік–Кебек», «Абай», «Қарагөз», «Қан мен тер» классикалық шығармаларын біз музейлік жәдігер ретінде емес, көрерменмен жүргізілетін тірі диалог ретінде ұсынамыз.
Қазіргі драматургия («Қоштасқым келмейді», «Екеуміз», «Жүрегімнің иесі») бүгінгі қоғамды алаңдатқан мәселелерді сахналауға бағытталған.
«Бейбарыс сұлтан», «Томирис», «Қорқыттың көрі» тарихи-эпикалық спектакльдер ұлттық болмысты заманауи бейнелеу құралдарымен ашуды мақсат етеді.
Жүзінші маусым - қорытынды емес, театрдың жаңа көркемдік кезеңінің бастауы.
Мерейтойлық бағдарламаға қандай қойылымдар енді және неге дәл осы спектакльдер таңдалды?
- Мерейтойлық кеште әр кезеңге тән шығармалардан үзінділер ұсынылады: классика саналған «Абай», «Қыз Жібек», «Қорқыттың көрі» және кейінгі жылдары сахналанған «Сұлтан Бейбарыс», «Томирис», «Қоштасқым келмейді» мен «Екеуміз».
Бұл туындылар театрдың көркемдік жолындағы түрлі белестерді - ұлттық классика дәстүрін, тарихи-эпикалық бағытты әрі заманауи драматургияны айшықтайды.
Яғни, бұл - өткенді, бүгінді және болашақты тоғыстырған шығармашылық көпір.
Театр қазіргі қоғамдағы өзгерістерді қалай көрсетіп келеді?
- Біз заман талабына сәйкес жаңарып отырмыз. Адам психологиясы, отбасы ішіндегі тартыстар, цифрлық дәуірдің ықпалы сияқты бүгінгі күннің өзекті тақырыптары жаңа қойылымдарда көрініс табады.
Классикада қазіргі оқылыммен ұсынылып, көрерменмен ортақ эмоционалдық тіл табысуға мүмкіндік береді.
Қандай режиссерлік ізденістерді ең маңызды деп санайсыз?
- Біз үшін эксперименттер ерекше маңызды. Пластика, музыка, визуалдық шешімдер мен мультимедияны біріктіретін синтездік тәсілдерге ден қоямыз.
Сахналық кеңістікті де жаңаша пайымдаймыз: актерді залға шығару, бейнепроекция қолдану, сахнаның дәстүрлі құрылымын өзгерту сияқты амалдар бар.
Осындай ізденістер көрерменге әсер етудің жаңа, тереңдей түскен театр тілін қалыптастырады.
Театрдың жүз жылдық тарихындағы басты жетістіктер деп нені айтар едіңіз?
- Ең үлкен жетістік - театрға «Ұлттық» мәртебесінің берілуі. Бұл біздің қазақ драматургиясы мен мәдени мұраны сақтау, дамыту жолындағы миссиямызды айқын көрсетеді.
Жүз жыл ішінде біз буын сабақтастығын үзбей, жаңа таланттарды таныттық, актерлік мектепті жетілдірдік және классика мен қазіргі заман, эксперименттік бағыттарды қатар қамтыған репертуар түздік.
Жас режиссерлер мен актерлерді қолдау стратегиясы қандай?
– Театрда шығармашылық зертханалар, камералық жобалар мен эксперименттік алаңдар жүйесі бар: «Сезім хаттары», «Туған күн», «Бейтаныс таныстар» секілді жобалар соның дәлелі.
Жас мамандар шеберлерден үйреніп, бір сахнада жұмыс істеп, халықаралық тренингтерге қатысады.
Осының барлығы - қазақ театр өнерінің келешегін қалыптастыратын маңызды қадамдар.
Көрермен қалай өзгерді және бұл театр алдына қандай міндеттер қояды?
- Бүгінгі көрермен талапшыл, ақпаратқа қанық, өзгерісті бірден аңғарады. Ол шынайы әңгіме, эмоционалдық тереңдік пен өзекті тақырыпты күтеді.
Біз бұл сұранысқа репертуарды жаңарту, интерактивті форматтарды («Сезім хаттары») дамыту және жаңа сахналық эстетика енгізу арқылы жауап береміз.
Басты міндет - дәстүрді сақтай отырып, заманмен үндес болу.