
Көрісу күні – халқымыздың татулық пен сыйластыққа негізделген көне дәстүрлерінің бірі. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, «Бір жасыңмен!» деп тілек айтады. Осы дәстүрдің тәрбиелік мәні мен Көрісу күні аясында ұйымдастырылатын шаралар туралы «Геолог» мәдениет үйінің «Шолпы» қыз балалар клубының жетекшісі Бибігүл Жақсыбайқызымен әңгімелестік.
– Халқымыз үшін ерекше саналатын Көрісу күні мерекесінің мән-маңызын қалай түсіндірер едіңіз?
– Көрісу күнін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының бастауы деуге болады. 14 наурызда аталып өтетін бұл күн – халқымыздың амандық-саулық сұрасатын, бір-біріне ақ тілек арнайтын ерекше сәті. Қыстан аман шығып, жаңа жылдың табалдырығын бірге аттау – қазақ үшін үлкен қуаныш болған. Көрісу күні – тек қол алысып, төс қағыстыру ғана емес, ренішті ұмытып, өкпе-назды кешіріп, жаңа кезеңге таза ниетпен қадам басу. Сондықтан оның мәні – бірлік пен бауырмалдықты бекемдеу, адамгершілік құндылықтарды жаңғырту деп білемін.
– «Бір жасыңмен!» деген тілек нені білдіреді?
– Бұл тілек – қазақы дүниетанымдағы уақыт пен ғұмырды бағалаудың көркем көрінісі. Бұл сөз сырттай қарағанда адамның жасына тағы бір жыл қосылғанын білдіретін қарапайым құттықтау сияқты көрінгенімен, оның астарында өмірдің үздіксіз ағысын, адамның рухани және тұлғалық жетілуін мойындау жатыр.
Қазақ түсінігінде жас – тек сандық көрсеткіш емес, ол тәжірибенің, көрген-түйгеннің, өмір сабақтарының жиынтығы. Сондықтан «Бір жасыңмен!» деген тілек адамның аман-есен тағы бір жылды артқа тастап, өмір жолында жаңа белеске көтерілгенін қуанышпен қабылдауды білдіреді. Бұл – өткен уақытқа шүкіршілік айтып, алдағы ғұмырға игі тілек арнаудың белгісі.
Тереңірек қарасақ, бұл тіркес қазақ қоғамындағы өмірге деген оптимистік көзқарасты да аңғартады. Әрбір өткен жыл адамның кемелденуінің, даналыққа жақындауының белгісі.
– Бұл дәстүрдің тәрбиелік әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Көрісу дәстүрі – ұлттық тәрбиенің өзіндік мектебі. Қоғамдағы адамаралық байланысты нығайтатын, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты сақтайтын мәдени институт. Жастар үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем беріп, қол алысып көріседі, ал үлкендер ақжарма тілегін айтып, батасын береді. Осындай сәттерде өмірлік тәжірибе, ақыл-кеңес, өнеге сөздер айтылып, дәстүрлі дүниетаным жас буынға табиғи түрде жеткізіледі.
Көрісудің тәрбиелік мәні ең алдымен сыйластық пен ізеттілікті қалыптастыруында. Жастар үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, амандасып, құрмет көрсетуді үйренсе, үлкендер жас ұрпаққа мейірім мен қамқорлық танытады. Осы арқылы қоғамда өзара түсіністік пен рухани жақындық орнайды. Көрісу адамдар арасындағы әлеуметтік және моральдық қатынастарды реттейтін мәдени тетік. Сонымен қатар, бұл дәстүр қазақ қоғамындағы кешірім мен татулық мәдениетін де көрсетеді. Көрісу күні адамдар бір-бірімен амандасып, бұрынғы реніштерін ұмытып, жаңа жылды таза ниетпен бастауға ұмтылады. Бұл тұрғыдан мереке қоғамдағы бірлік пен берекені сақтауға ықпал ететін маңызды құндылық.
Сондықтан мұндай тағылымды дәстүрлердің маңызы кемімек емес, керісінше, арта түседі. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды сақтаудың бір жолы – дәл осындай өміршең дәстүрлерді жаңғыртып, оның тәрбиелік әлеуетін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
– Биылғы Көрісу күні аясында қандай мазмұнды іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бірқатар мазмұнды шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу рәсімі, ұлттық ойындар, қолөнер көрмелері, тағылымдық кездесулер, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылмақ. Биыл «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Амал келді – Жыл келді» атты мерекелік іс-шара өтеді. Оған 200 әже, 200 келін және 200 қыз бала қатысады. Шараның биылғы басты ерекшелігі – шеруге қыз балалардың қосылуы. Қатысушылар хормен шеру жасап, «Қамажай» әнін орындап келіп, үлкендермен көріседі. 200 келін сәлем салып, мерекеміз концерттік бағдарламаға ұласады. Негізгі мақсат – Наурызнама аясында ұлттық бірегейлікті нығайту.
– Бибігүл Жақсыбайқызы, біздің оқырмандарға айтар тілегіңіз қандай?
– Баршаңызды Көрісу күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, береке, ырыс тілеймін. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жүректеріміз мейірімге толып, реніш атаулы артта қалсын. Жастарға айтарым – дәстүрді дәріптеу өткенге оралу емес, болашақты бекемдеу. Тамыры терең ел ғана биікке көтеріледі. Көрісу күні әрқайсымызға жаңа үміт, жаңа қуат әкелсін! Бір ж