
Creative Aimaq республикалық жобасы аясында өткен «Жетісу - Елорда төрінде» жәрмеңкесінде Жетісу өңірінің шығармашылық өкілдері ұлттық өнер мен заманауи идеяларды тоғыстырған туындыларын елорда жұртшылығына таныстырды. Жәрмеңкеге кәсіби суретші Мұратқан Дүйсенғалиұлы да өзінің зағип және көру қабілеті төмен жандарға қазақтың ұлттық ою-өрнегін сипап сезу арқылы танытуға бағытталған шығармашылық жұмыстарын алып келді.
Қазақтың ою-өрнегі - ұлттың дүниетанымы мен табиғатқа көзқарасын бойына жинақтаған көркем мұра. Ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір өрнектің өзіндік мәні, тарихы мен бейнелік тілі бар. Ал сол тілді көзі көрмейтін немесе көру қабілеті төмен жандарға қалай жеткізуге болады? Осы сауалға өнер арқылы жауап іздеген суретші ұлттық ою-өрнекті сипап сезу арқылы танытуға мүмкіндік беретін жоба әзірлеген.
Мұратқан Дүйсенғалиұлының бұл жобасы магистратурада білім алып жүрген кезінде дүниеге келген. Диссертациялық зерттеуіне жаңа әрі өзгеше өнер бағытын таңдау қажет болғанда, ол көп жағдайда назардан тыс қалатын аудитория – зағип жандар үшін қазақтың ұлттық ою-өрнегін қолжетімді етуді мақсат еткен.«Қазақтың ұлттық ою-өрнегін зағип жандарға қалай түсіндіруге болады?» деген қарапайым әрі маңызды сұрақтан басталған ізденіс уақыт өте келе тұтас шығармашылық жобаға айналған.
Жобаның басты ерекшелігі - көркем туындыны көзбен көрудің орнына, қолмен сипап сезу арқылы қабылдауға мүмкіндік беруінде. Әр композицияның төменгі бөлігінде арнайы түсіндірме беріліп, мәтін зағип жандарға арналған нүктелі қаріппен жазылған. Осылайша көрермен алдымен оюдың шығу тарихы мен мағынасын танып, кейін оның пішінін қолымен сезіне алады.
Жетісу жәрмеңкесінде елорда жұртшылығына ұсынылған туындылардың бірі – «қошқармүйіз» оюына арналған композиция. Оның негізінде қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алған қошқар бейнесі жатыр. Алдымен адам жануардың бейнесін елестетеді, кейін сол бейненің біртіндеп көркем өрнекке айналу жолын түсінеді. Бұл оюды жай ғана сәндік элемент ретінде емес, белгілі бір ой мен ұғымның көркем көрінісі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.Суретшінің айтуынша, қазақ ою-өрнектерінің мазмұнын шартты түрде төрт негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады: жан-жануарлар әлеміне қатысты өрнектер, аспан әлемін бейнелейтін өрнектер, өсімдік тектес өрнектер және геометриялық өрнектер. Жоба барысында осы ерекшеліктердің әрқайсысы көрерменге түсінікті болатындай етіп ұсынылған.Мұнда басты назар дайын бейнені таныстыруға ғана емес, оның қалай пайда болғанын түсіндіруге аударылған. Яғни зағип көрермен оюдың сыртқы пішінін ғана емес, оның ар жағындағы ұлттық дүниетанымды да сезіне алады.
Жетісу өңірінің шығармашылық мұрасын елордаға таныстырған жәрмеңкеде бұл туындылардың көпшілік назарына ұсынылуы суретшінің ізденісін кеңірек аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді. Мұратқан Дүйсенғалиұлы өз еңбегі арқылы ұлттық өнерді сақтап қана қоймай, оны әр адамның қабылдау ерекшелігіне бейімдеуге болатынын көрсетті.
Мұратқан Дүйсенғалиұлының туындылары қазақ ою-өрнегіне жаңа қырынан қарауға мүмкіндік беріп, ұлттық мұраны әр адамға қолжетімді етудің маңызды жолын көрсетті.