Кітап оқуды насихаттауға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды

Кітап оқуды насихаттауға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Қаналимов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы» Жарлығын іске асыруға бағытталған. Жоба аясында 1 миллионнан астам азаматты кітап оқуға тартып, 15 миллионға дейін кітап оқылымын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Бастама аясында «Кітап оқитын мектеп» жобасы бойынша 15 кітаптан тұратын арнайы тізім бекітілді. Оның ішінде отандық авторлардың 5 шығармасы, Шығыс әдебиетінен 5 және Батыс әдебиетінен 5 шығарма бар.

Меморандум аясында республикалық кітап оқу марафоны, рухани-ағартушылық кездесулер және мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін медиа-контент, цифрлық технологиялар мен креативті индустрия құралдарын пайдалану көзделген.

Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқуды қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналдырып, азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыру және Қазақстанда білімді, ойлы ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу.

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» үшін бұл ынтымақтастық шығармашылық индустриялардың мәдени-ағартушылық бастамалармен байланысын күшейтудің маңызды бағыты болып табылады. Заманауи контент, цифрлық шешімдер мен шығармашылық форматтар арқылы кітап оқу мәдениетін жаңа аудиторияға жеткізуге мүмкіндік мол.

10
21.08.2026