
Кейіпкерлердің тарихын да, шығарманың мәдени негізін де, авторлардың түпкі ойын да бұрын білмеген адам қойылымды тамашалағанда, ұлттық туынды маңызды сынақтан өтеді. Оқиға оған түсінікті бола ма? Музыканың өзі-ақ әсер ете ала ма? Қойылым көрерменнің жүрегіне жол таба ма?
Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы да біртіндеп отандық театр өмірінің аясынан шығып, халықаралық мәдени ортаға таныла бастады. Қазан айында «Астана Операда» өткен қойылымдарды халықаралық мәдени қауымдастық өкілдері де тамашалады. Олардың алған әсері туындыны сырт көзбен бағамдауға мүмкіндік береді.
Театрға швейцариялық Chopard зергерлік үйінің президенттерінің бірі әрі көркемдік жетекшісі Каролина Шойфеле алғаш рет келді. Спектакльден кейін ол ең әуелі «Астана Опера» ғимаратын, оның акустикасы мен оркестрдің орындауын ерекше атап өтті.
«Қойылым керемет әсер қалдырды. Оқиғаның жақсылықпен аяқталғанына өте қуаныштымын. Ал музыкасы мен оркестрдің орындауы ғажап екен. Деміңді ішіңе тартып тыңдайсың!» – деп әсерін бөлісті Каролина Шойфеле.
Мұндай пікірдің қойылым үшін мәні ерекше. «Аппақ» ұлттық опера ретінде дүниеге келгенімен, оның драматургиясына махаббат, айырылысу, тағдыр сынағы, өткенді ұмытпау мен ішкі еркіндікті сақтай білу секілді баршаға ортақ тақырыптар арқау болған.
Тілеуғазы Бейсембек Ғабит Мүсіреповтің драмасы желісімен жазған либреттоның негізінде қыпшақ қызы Аппақ пен ұлы әзербайжан ақыны Низами Гәнжауидің тағдыры жатыр. Туған жерінен жырақта қалған Аппақ ақынның жары болып, шығармашылығына шабыт береді. Оның жеке тағдыры арқылы авторлар адам мен тарихи жағдайлар арасындағы қайшылық, рух беріктігі және бейбітшіліктің құны секілді ауқымды тақырыптарды қозғайды.
Бұған дейін қойылым туралы театр және музыка сыншысы, Әзербайжан ұлттық консерваториясының профессоры Үлкәр Әлиева да пікір білдірген. Оның айтуынша, махаббат, шытырман тартыстар мен шайқас көріністері көрерменді бүгінгі өмірден ажыратып, сонау өткен дәуірге алып кеткендей болады.
Мұнда әсерлі сахналық көріністер мен музыка бірін-бірі толықтырады.
Оркестр партитурасында академиялық опера дәстүрі қазақ және әзербайжан ұлттық аспаптарының өзіндік үн бояуымен ұштасады. Сахнада түрлі мәдени әлемдер көрініс табады. Бірақ олар бір-бірінен оқшау емес – Аппақтың хикаясы сол әлемдерді тоғыстырады.
Қойылымды режиссер Михаил Панджавидзе, музыкалық жетекші Абзал Мұхитдин, композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар бастаған үлкен шығармашылық топ әзірледі. Қазан айындағы қойылымдарда Ерболат Ахмедияров дирижерлік етті.
Операға кәсіби сыншылар да қызығушылық танытып отыр. Ресейлік музыкатанушы Александр Матусевич қойылымды тамашалау үшін Астанаға арнайы келді. Ол туынды туралы жеке рецензия жазуды жоспарлап отыр.
Сахналық ғұмыры енді басталған опера үшін мұндай кәсіби көзқарастың мәні ерекше.
«Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы бірнеше ай бұрын ғана өтті. Қойылымның алда өз сахналық жолы бар. Оны әртүрлі құрамдағы әртістер орындайды, жаңа көрермен тамашалайды. Бәлкім, шетел сахналарына да жол тартар.
Дегенмен қазірдің өзінде бір нәрсе анық: ұлттық туындыны түсіну үшін шетелдік көрерменнің тарихты алдын ала білуі шарт емес.
Музыка, драматургия мен сахналық бейне үйлесім тапса, хикаяның өзі-ақ тіл қатады.
Сонда Астанадағы театрдың табалдырығын алғаш аттаған адам да сонау өткен замандағы қыпшақ қызының жан дүниесін түсіне бастайды.