
Алматы облысы, Қарқара жайлауы аумағында ұлттық дәстүр мен мәдени мұраны дәріптеуге арналған “Қымызмұрындық-2026” мәдени-көпшілік және спорттық фестивалі өтті. Биыл бесінші рет өткізілген айтулы шара абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды.
Ауқымды іс-шара қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталды. Фестивальге Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден мыңдаған қонақ қатысты.
Қымызмұрындық – жазғы жайлауға көшкеннен кейін биелер сауылып, алғашқы қымыз дайын болған сәтке арналған көне қазақ дәстүрі. Дайын болған кәделі қымызды әр отбасы жеке ішпей, ауыл болып бас қосып, ақсақалдардың батасын алғаннан кейін ортақ дастарқанда бөліскен. Бұл дәстүр қонақжайлықты, бірлікті және ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын рухани құндылық ретінде ұлықталды.
Фестиваль Қарқара жайлауында бұған дейін төрт рет өткізілген. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам қонақ қатысып, 40 киіз үй тігілген. Сондай-ақ 250-ден астам шағын және орта бизнес өкілі тартылған.
Ал биыл ұйымдастырушылар фестиваль аумағында 80-нен астам киіз үй тігілді.Фестиваль бағдарламасында ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлері кеңінен қамтылды. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру сынды жарыстар өтті. Сондай-ақ «ТОПЖАРҒАН» этно-өнер орталығының шоуы, «ТОЛАҒАЙ» өнер орталығының қойылымдары және белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Фестиваль қорытындысы “Қымызмұрындық” секілді мәдени жобалардың ұлттық бірегейлікті нығайтуда, салт-дәстүрді дәріптеуде және Қазақстанның бай мәдени мұрасын кеңінен танытуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.