
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына қарасты Әскери-тарихи музей қоры Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке тиесілі 100-ден астам жәдігермен толықты.
Құнды мұраларды музейге қолбасшының қызы Айсұлу мен немересі Саук Нұрмағамбетовтер табыстады. Олардың қатарында мемлекеттік наградалар, жеке құжаттар, әскери киім үлгілері, естелік және арнайы сыйға берілген қару-жарақ, сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолы, әскери қызметі мен мемлекеттік қызметіне қатысты өзге де бұйымдар бар.
Жаңа жәдігерлердің ішінде «Отан» орденінің орны ерекше. Сонымен қатар музей қорына армия генералының өзі киген әскери киімдері мен оған әр жылдары сыйға тартылған қару үлгілері қабылданды.
Бұл жәдігерлер Әскери-тарихи музейде Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрінің өмірі мен қызметіне арналған тұрақты экспозицияны толықтыра түседі.