
Астанада Оңтүстік Кореяның NUMORI тобы мен қазақстандық Saz&Soul вокалды-аспаптық ұжымының бірлескен концерті өтті. Музыкалық кеште екі елдің ұлттық өнер дәстүрі заманауи бағыттармен үндесіп, көрермен назарына түрлі мәдениет пен музыкалық стильдің тосын үйлесімі ұсынылды.
Оңтүстік Кореяның NUMORI тобы дәстүрлі корей әуендерін K-pop, K-rock, электронды музыка және блюз-рок элементтерімен сабақтастырған шығармаларды орындады. Ал Saz&Soul ұжымы әншілік шеберлік пен ұлттық аспаптар үнін тоғыстырған туындыларын ұсынды.
Концерт бағдарламасына «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Махаббат – мәңгі ертегі» сынды белгілі қазақ әндері, «Сүгірдің термесі», сондай-ақ «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлері енді.
Домбыраның сүйемелдеуімен орындалған корейдің «Ариран» халық әні көпшілікке айрықша әсер сыйлады. Оңтүстік Корея музыканттарының қазақтың «Назқоңыр» халық әнін орындауы да кештің жарқын сәттерінің біріне айналды. Көрермендер өнерпаздарды зор қошеметпен қарсы алды.
Концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу бағытындағы жұмысы аясында өтті.