
Павлодарда Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «Шежіреден болашаққа» республикалық кинолекториі өтті. Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған жоба көрермендерді Деректі кино орталығының туындыларымен таныстырады.
Бағдарлама аясында «Travel Kazakhstan» және «Серт» фильмдері көрсетілді. «Travel Kazakhstan» еліміздің өңірлеріндегі табиғи, мәдени және туристік мүмкіндіктерді таныстырады. Ал «Серт» фильмі 2024 жылғы су тасқынының салдары, қиын сәтте жұдырықтай жұмылған қазақстандықтар және зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндайды.
«Серт» фильмінің ерекшелігі – онда авторлық сыртқы дауыс қолданылмаған. Оқиға құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан адамдардың естеліктері мен сұхбаттары арқылы өрбиді.
Кинолекторийдің екінші күні көрермендерге «Құлалы аралының тұрғыны» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды. «Қуатты серіктес» Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған.
Көрсетілімдерден кейін Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмұхаметова және режиссер Бақтияр Қанафинмен шығармашылық кездесу өтті. Авторлар жобаларды әзірлеу, түсірілім барысы және қазіргі деректі киноның ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Кинолекторийді Қазақстанның 20 қаласында өткізу жоспарланған. Павлодар жобаны қабылдаған он екінші қала болды. Бұған дейін көрсетілімдер Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және Өскемен қалаларында өткен. Жоба 25 қыркүйекте Алматыда қорытындыланады.