Төрт мезгіл, үш дәуір: «Астана Опера» Музыка күнін қалай атап өтеді?

Төрт мезгіл, үш дәуір: «Астана Опера» Музыка күнін қалай атап өтеді?

Жыл мезгілдерінің ауысуы секілді бір тақырып музыкада мүлде әрқалай өрілуі мүмкін. Вивальди үшін бұл – барокконың мөлдір сазы мен табиғаттың қозғалысы, Астор Пьяццолла үшін – Буэнос-Айрестің отты мінезі мен танго ырғағы, ал Макс Рихтер үшін – бірнеше ғасырдан бері таныс музыкаға бүгінгі көзқарас.

Жыл мезгілдерінің осы үш түрлі музыкалық бейнесі 1 қазанда Күләш Байсейітова атындағы камералық залда өтетін «Скрипка. Төрт маусым» концертінде тоғысады. Кеш Халықаралық музыка күніне арналады.

Жеке партияларды «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкашысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен скрипкашы Әнел Шәкірова орындайды. Театрдың камералық оркестріне Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин дирижерлік етеді.

«Біз музыканттар үшін бұл – қадірлі тыңдармандарымызбен қауышатын толқынысқа толы сәт. Оларсыз бұл мерекені елестету мүмкін емес», – дейді маэстро.

Кештің өзегі – дәуірлерді жалғайтын музыкалық үнқатысу.

Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» әлдеқашан барокко музыкасының ең танымал туындыларының біріне айналған. Арада бірнеше ғасыр өткен соң Астор Пьяццолла өзінің «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклін жазып, таныс идеяға аргентиналық тангоның қуатын дарытты. Ал Макс Рихтер Recomposed туындысында Вивальди партитурасын заманауи тұрғыдан қайта пайымдады. Таныс әуен иірімдері сақталғанымен, мұнда музыкадағы уақыт ағысы мүлде басқаша сезіледі.

Бір концерт осылайша бірнеше дәуірді қамтитын музыкалық саяхатқа айналады. Әрі классиканың ғұмыры дәстүрді сақтаумен ғана емес, оны үнемі жаңаша пайымдаумен де жалғасатынын еске салады.

«Астана Опера» әртістері үшін бұл кеш кәсіби мерекеге айналады. Ал көрермен төрт мезгілдің әуендегі бейнесі музыканың өзімен бірге қалай өзгергенін ести алады.


212
30.10.2026