Махмұт Күлменов қазақ ұсталығының құпиясымен бөлісті

Махмұт Күлменов қазақ ұсталығының құпиясымен бөлісті

Темірді қыздырып, оны өнер туындысына айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Ал сол өнерді жарты ғасырға жуық уақыт бойы үзбей жалғастырып, қазақтың дәстүрлі ұсталық мектебін бүгінгі күнге жеткізіп жүрген шеберлердің бірі - белгілі ұста Махмұт Күлменов.

45 жылдан астам уақытын ұлттық теміршілік өнеріне арнаған шебер үшін ұсталық – ұлттың тарихын, рухын және дүниетанымын сақтайтын қасиетті мұра.

Оның айтуынша, қазақтың қару-жарағы, тұрмыстық бұйымдары мен ұсталық өнері – көшпелі өркениеттің жоғары мәдениеті мен инженерлік ойының айқын дәлелі.

«Өз дүниемізді тану үшін әлемдік мәдениетті де білуіміз керек. Бірақ ең алдымен қазақтың тарихын, жерін, оны қорғаған бабаларымызды терең тануымыз қажет. Сонда ғана ұлттық құндылықтың шынайы қадірін түсінеміз», – дейді Махмұт Күлменов.

Шебердің пікірінше, қару-жарақ жасау – тек темір өңдеу өнері емес. Ол – халықтың қорғаныс мәдениетін, әскери тарихын және технологиялық деңгейін көрсететін маңызды мұра.

«Қазіргі таңда қаруды жасай алған халықтың технологиялық деңгейі де жоғары болады. Қазақ ұсталары да өз дәуірінде көшпелі өркениеттің ең озық шеберлерінің қатарында болды. Олар дала тіршілігіне бейімделген, берік әрі көркем дүниелер жасады», – дейді ол.

Махмұт Күлменов әрбір бұйымын тарихи деректерге сүйеніп дайындайды. Ол музей қорларын, археологиялық материалдарды және ғылыми еңбектерді мұқият зерттеп, әр туындысының тарихи дәлдігіне ерекше мән береді. Сондықтан оның қолынан шыққан тарихи қару-жарақтар мен этнографиялық бұйымдар бүгінде Қазақстанның бірқатар музейлерінің қорында сақтаулы.

Ол ұлттық мұраны сақтаудың ең тиімді жолы – жастардың тарихи санасын қалыптастыру және ата-баба өнерін тәжірибе арқылы үйрету деп есептейді.

Ұсталық өнер – өткеннің естелігі емес, болашаққа қалатын аманат. Біз оны келесі ұрпаққа жоғалтпай жеткізуге міндеттіміз»,– дейді Махмұт Күлменов.

Жарты ғасырға жуық уақытын теміршілікке арнаған шебердің шығармашылығы бір ғана шындықты дәлелдейді: ұлттық мұра уақытпен өлшенбейді. Ол оны қадірлейтін, зерттейтін және ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жандар бар кезде ғана өміршең бола береді.

73
16.07.2026