
Корея Республикасына жұмыс сапары аясында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Корея Республикасының Мәдение, спорт және туризм вице-министрі Ким Джэхенмен кездесті.
Бүгінде Корея Республикасы креативті экономиканы дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Елдің жүйелі мемлекеттік саясаты шығармашылық индустрияларды қолдаудың тиімді экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша K-Content экспорты рекордтық 14,9 млрд АҚШ долларына жетсе, 2030 жылға қарай Корея Үкіметі креативті индустриялар нарығының көлемін 400 трлн вонға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағыт бүгінде ел экономикасының негізгі өсім драйверлерінің бірі ретінде қарастырылады.
Кездесу барысында Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Қазақстанда креативті экономиканы дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесінде саланың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Креативті экономика Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарының біріне айналып келеді. Бүгінде елімізде креативті индустрия субъектілерінің саны 47,5 мыңға жетсе, салада жұмыспен қамтылғандар саны 160 мыңнан асты. Біз үшін халықаралық озық тәжірибені зерделеу, үздік модельдерді еліміздің ерекшеліктеріне бейімдеу және осы бағытта табысты нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттермен ұзақ мерзімді серіктестік орнату аса маңызды. Корея Республикасымен ынтымақтастық отандық креативті индустрияларды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Ерлан Каналимов.
Өз кезегінде Корея Республикасының Мәдениет, спорт жәнетуризм вице-министрі Ким Джэхен Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, мемлекеттік саясатты қалыптастыру, мамандар даярлау, креативті инфрақұрылымды дамыту және ұлттық мәдени өнімді халықаралық деңгейде ілгерілету бағыттарында тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен бастамаларды іске асыруға және екі ел арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға өзара мүдделі екендерін растады.
Креативті индустрияларды дамыту қоры халықаралық ынтымақтастықты дамыту, әлемнің үздік тәжірибелерін енгізу және отандық креативті экономиканың тұрақты өсіміне жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.