Қазақстандық музыка мектебі халықаралық кеңістікке бет бұрды

Қазақстандық музыка мектебі халықаралық кеңістікке бет бұрды

Қазақстандық музыка мектебі ұзақ даму жолынан өтіп, ұлттық мәдени мұраның маңызды бөлігіне айналды. 1944 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылуымен елімізде академиялық музыкалық білім берудің берік негізі қаланды. Соңғы жылдары қазақстандық музыканттар мен оқытушылар халықаралық жобаларға белсенді қатысып, консерватория студенттері мен түлектері беделді байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Осы орайда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен University of Music and Performing Arts Vienna арасында меморандумға қол қойылуы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Осы серіктестіктің мәні, оның берер мүмкіндіктері және қазақстандық музыкалық білім берудің келешегі туралы консерватория ректоры Гаухар Тасбергеновамен әңгімелестік.

– University of Music and Performing Arts Vienna оқу орнымен меморандумға қол қоюдың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы қандай?

– Біз үшін бұл Еуропадағы жетекші өнер университеттерінің бірімен әріптестік орнату деген сөз. Бұл оқу орны заманауи орындаушылық және педагогикалық тәжірибесімен ерекшеленеді. Қазақстан үшін мұндай серіктестік халықаралық үдеріске белсенді түрде қосылуды білдіреді. Өйткені музыкалық мектептер үздіксіз тәжірибе алмасу мен кәсіби коммуникация арқылы дамиды. Біз консерваторияны осы үдерістің толыққанды қатысушысы ретінде қарастырамыз. Мұндай ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, бірлескен шығармашылық бастамалар мен академиялық жобаларды жүзеге асыруға кең жол ашады. Соның нәтижесінде қазақстандық музыка мектебі жаңа серпін алып, халықаралық кеңістіктегі беделін одан әрі нығайтады деп сенеміз.

– Бұл меморандумды қазақстандық музыка мектебінің жаңа кезеңі деп айтуға бола ма?

– Иә, сөзсіз. Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың бір реттік сапарлармен шектелмей, тұрақты кәсіби байланыс алаңына айналғаны өте маңызды. Қазір шеберлік сыныптарын, бірлескен концерттерді, оқытушылар мен студенттердің академиялық кездесулерін ұйымдастыру мәселелері талқыланып жатыр. Мұндай жобалар әртүрлі педагогикалық тәсілдермен танысуға, кәсіби көкжиекті кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Меморандумның негізгі бағыттарының бірі – студенттердің академиялық ұтқырлығы. Консерватория студенттері үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

– Академиялық ұтқырлық – студенттерімізді халықаралық музыкалық кеңістікке кіріктірудің маңызды тетіктерінің бірі. Осы әріптестік аясында олар Венада бір немесе екі семестр бойы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – халықаралық деңгейдегі профессорлардан тағылым алу, еуропалық орындаушылық дәстүрмен танысу, сондай-ақ мәдени менеджменттен бастап музыкалық технологияларға дейінгі заманауи пәндерді меңгеру деген сөз. Мұндай тәжірибе жас музыканттың кәсіби білімін едәуір кеңейтеді. Бүгінде халықаралық білім беру үдерісі цифрлық кеңістікте де қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезеңде біз академиялық ұтқырлық пен бірлескен жобалардан бастап отырмыз. Сонымен қатар қос диплом бағдарламасын енгізу де алдағы стратегиялық міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр.

– Жас музыканттар үшін халықаралық тәжірибе қаншалықты маңызды?

– Қазіргі кезеңде халықаралық тәжірибе музыканттың кәсіби дамуы үшін аса маңызды. Музыкалық мектептер орындаушылық дәстүрді, оқыту әдістерін және эстетикалық бағдарды қалыптастырады. Мұның бәрі білікті маман тәрбиелеудің берік негізін қалайды. Музыкант әртүрлі көркемдік тәсілдермен және орындаушылық мектептермен бетпе-бет келгенде, өзінің шығармашылық ұстанымын айқындай бастайды. Бұл тек орындаушылар үшін ғана емес, болашақ педагогтар мен зерттеушілер үшін де айрықша мәнге ие

– Қазақстандық музыка мектебінің ерекшелігі неде?

– Біздің музыкалық мәдениетіміз домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген секілді аспаптарда орындалатын дәстүрлі өнерге аса бай. Соңғы жылдары көне музыкалық аспаптарды жаңғырту үрдісі де жанданып келеді. Сонымен бірге, ақындық және әншілік дәстүр де үзілмей, жаңа сипатта дамып, қоғам қызығушылығын арттырып отыр.

Сонымен қатар, қазақстандық музыка мәдениетінде еуропалық мектептің үлгілері де берік орнықты. Осы екі арна тоғысқан тұста классикалық музыка мен қазақтың халықтық музыкалық дәстүрі үндескен ерекше шығармашылық орта қалыптасты. Меніңше, еуропалық әріптестерімізді музыкалық мәдениетіміздің көпқырлы тарихы ғана емес, қазақстандық музыканттар мен композиторлардың шығармашылық әлеуеті де қызықтырады.

– Бүгінде қазақстандық академиялық музыканы әлемдік сахнада ғана емес, білім беру институттары арқылы да таныстыру қаншалықты маңызды?

– Менің ойымша, бұл аса маңызды. Қазақстандық академиялық музыка әлемдік сахнада ХХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап таныла бастады. Бұл үдеріс оның халықаралық деңгейде мойындалуына және одан әрі дамуына ықпал етті. Сол кезеңде музыкалық кадрларды жүйелі даярлау мәселесі күн тәртібіне қойылып, 1944 жылы Алматы консерваториясының, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ашылуы осы бағыттағы маңызды қадам болды.

Бүгінде консерватория қазақстандық музыканы халықаралық деңгейде лайықты танытып келеді. Бұған студенттердің халықаралық байқауларға қатысуы, танымал әртістер мен педагогтердің белсенді қызметі, ғылыми форумдар мен жарияланымдар, сондай-ақ серіктес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалар дәлел бола алады.

– Құрманғазы атындағы консерваторияның миссиясын қалай көресіз?

– Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының миссиясы – қарқынды дамып жатқан мәдени кеңістікте табысты жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау. Біз орындаушылық өнер, педагогика, ғылыми зерттеулер және мәдени практика бағыттары бойынша жүйелі түрде дамып келеміз.

Музыка саласының жаңа қағидаларға сай жұмыс істеуіне байланысты арт-менеджментке де ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда жаңа алаңдар, аудиториямен кері байланыстың тың форматтары, шығармашылық үдерісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдері пайда болды. Сондықтан біз мәдени күн тәртібін қалыптастырып, музыкалық ортаның дамуына нақты ықпал ете алатын кәсіби мамандарды даярлауымыз керек.

– Еліміздегі музыкалық білім берудің болашағын қалай елестетесіз?

– Бізде мықты академиялық база мен ұлттық дәстүр бар. Бұл – алдағы дамуымыздың берік іргетасы. Ендігі міндет – осы негізді сақтап қана қоймай, білім беру ортасын үнемі жаңартып, музыкалық мамандықтардың көкжиегін кеңейту.

Бүгінде музыкалық білім беру барған сайын ашық әрі пәнаралық сипат алып келеді. Біз жаңа құралдардың, соның ішінде жасанды интеллектінің де дыбыспен және музыкалық материалмен жұмыс істеу тәсілдерін біртіндеп өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан консерваторияның басты міндеті – осы жаңа кезең талаптарына бейімделе алатын, заман ағымымен үндес кәсіби музыканттарды даярлау.

60
30.03.2026