Nomad Ballet премьерасы «Астана Опера» театрында өтеді

Nomad Ballet премьерасы «Астана Опера» театрында өтеді

«Осы премьералық бағдарламада біз ұлттық нөмірлерге баса назар аударамыз, Қазақстан мәдениетінің сұлулығын және оның тарихының байлығын көрсетуге тырысамыз. Біз жаңа нөмірлер дайындадық және мұнда жас талантты хореографтарды қолдау мен дамытудың қазіргі кезде үлкен қажеттілігі туындап отырғанын айту маңызды. Олардың арасында – шығармашылығы зор үміт күттіретін перспективті Сұлтанбек Ғұмар бар, оның жекелеген жұмыстары қоғам арасында резонанс тудырып, балет мамандарының жақсы сынына ие болды. Болашақта біз қазақстандық «Хассак» этно-фольклорлық тобымен бірлесіп тағы бір премьералық жобаны ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл заманауи және креативті жігіттер музыкалық ұлттық дәстүрлерді ұқыпты сақтайды, бұл біздің тұжырымдамамызға толық сәйкес келеді. Бұл жобалар астана тұрғындары мен қонақтарының жүрегінен тірі үн табады деп сенемін», - деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Nomad Ballet мазмұнын ашу үшін әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова жаңа бағдарламаны ерекше мұқияттылықпен және талғампаздықпен құрастырды. Осылайша, отандық және шетелдік хореографтардың нөмірлері бір-бірін үйлесімді түрде алмастырып, тарихи тамырларды тереңірек сезінуге мәжбүр етеді. Көрермендер олармен елордалық театрдың балет әртістерінің орындауында танысады. Мәселен, Анвара Садықованың Steppe Sons альтернативті-фольклорлық тобының музыкасына жазылған авторлық қойылымы – «Сармат әйел діни қызметкері» Амина Кисембаева мен балет әртістерінің орындауында ұсынылады. Ал Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала шақыруы» балетінен алынған адажионы Шұғыла Әдепхан мен Диас Құрманғазы, Олжас Тарланов пен Әсел Шайкенова орындайды. Осы талантты хореографтың тағы бір әсерлі нөмірі – «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына жазылған «Қилы заманды» Сұлтанбек Ғұмар ұсынады.

Көрермендер Сұлтанбектің хореограф ретіндегі талантын да бағалай алады, өйткені оның Ш. Айтматовтың шығармаларынан алынған манқұрттық тақырыбына негізделген «Mangurt» және ата-бабалардың күшін көрсететін «Рух» атты авторлық нөмірлері Nomad Ballet бағдарламасын көркейтіп тұрады. Сахнадағы осы бірегей хореографиялық миниатюраларды Лимара Айдарова, Руслан Қанағат және Ислам Қайыпбай сомдайды.

Кештің ерекшелігі Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Алмат Шамшиевтің жасаған «Дем» хореографиялық миниатюрасының премьерасы болады. Бұл талантты хореограф «Астана Опера» көпшілігіне Анвара Садықовамен бірлесіп жасаған «Асан мен Үсен» және «Жәрмеңке» қойылымдарымен танымал. А. Шамшиев «Дем» хореографиялық композициясының идеясы үш жыл бұрын арнайы «Астана Опера» әртістері үшін туындағанын атап өтіп, нөмірді орындау техникасы өте күрделі екенін баса айтты. Көрермендерді жаңа қойылыммен Бекзат Орынбаев, Райымбек Болат және Досхан Зайдин таныстырмақ.

«Өмір демнен басталады. Бұл дүниеге келген әрбір тіршілік иесі өмір сүруге деген құштарлықпен өз жолынан өтеді, алайда ерте ме, кеш пе бұл дем үзіледі. Әрқайсымыздың жолымыз қандай болады? Адам өз жылуымен жылытқысы келе ме, жақсылық жасағысы келе ме, әлде өмірді зұлымдыққа толтырғысы келе ме – дәл осы философиялық көзқарас «Дем» шығармашылық қойылымының атауын анықтады. Біз тарихтан қазақ халқының бүгінгі күнге дейін қандай өзгерістерден өткенін білеміз. Мақсат – келіспеушіліктер мен дауларға ермеу, керісінше, бейбітшілік пен бірлікке қол жеткізу керектігін жеткізу болды. Қазақстанның халық әртісі, қазақ сахналық биінің негізін қалаушы Дәурен Әбіров бізге үлкен мұра қалдырды, соның ішінде лексика, қазақ ерлер биінің өзіндік пластикасы. Оның мектебінің элементтерінің арасында «Айдаhарша иірілу» деген қозғалыс бар. Жаңа қойылымды жасау кезінде біз осы қозғалысты хореографиялық мәтіннің негізі ретінде алдық. «Айдаhарша иірілу» орындау техникасын пайдалана отырып, оны күрделендіріп, әртүрлі элементтер қостық. Бастапқыда үш кейіпкер – Су, Жер және От – өз күштерін көрсетеді, олардың арасында қарсыласу басталады, бірақ соңында үш кейіпкер ортақ мақсат үшін бірігеді», - деді Алмат Шамшиев.

Сондай-ақ, осы кеште ХХ ғасырдың шедеврі – М. Фокиннің атақты хореографының қойылымындағы Н. Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған «Шехеразада» балеті ұсынылады. Балет труппасының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Әнел Рүстемова Алтын құл мен Зобеиданың басты партияларын орындайды. Театрдың симфониялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді.

354
11.12.2024