Қызылорда облысынан келген құнды жәдігерлер елордада қойылды

Қызылорда облысынан келген құнды жәдігерлер елордада қойылды

Көрмеге биыл 85 жылдығын атап өтетін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорларынан алынған құнды жәдігерлер енгізілді.

Биыл жасалған «Түгіскен көсемі» және «Жетіасардан шыққан ақсүйек әйел» реконструкциялары ерекше қызығушылық тудырады. Түгіскеннен шыққан көсемнің сүйектері өткен ғасырдың 60-жылдарында С.П.Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде Оңтүстік Түгіскен ескерткішінен табылды. Ал Л.М.Левинаның жетекшілігімен Жетіасар мәдениетін зерттеу бойынша археологиялық экспедицияда әйелдің қаңқасы мен зергерлік бұйымдар, киім үлгілері табылды.

«Бұл реконструкциялардың барлығы ғылыми негізделген. Олар археологиялық қазбалар мен нәтижелерге негізделген. Киімнің түсі де, аяқ киімнің пішіні де түпнұсқаға сәйкес келеді. Қазір археология үлкен қарқынмен дамып келеді. Егер бұрын археологтар негізінен қазба жұмыстарымен айналысып, олжаларды мұражайларға тапсыратын болса, қазір археология институтының жұмысына геофизиктер, биологтар, экологтар сияқты басқа да мамандықтардың өкілдері қатысады. Бұл жануарлар әлемін, экологияны, топырақ құрамын немесе сол кезеңдегі адамдардың тамақтану ерекшеліктерін түсіну үшін қажет. Біздің институт Германия және Франция зертханаларымен ынтымақтастық жасайды», - деді Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры Әзілхан Тәжекеев.

Көрмеге келушілер сондай-ақ оғыздардың астанасы – Жаңкент қаласынан табылған керамикалық дастарқанды, тостағандар жинағын, қазанды, ыдыс-аяқты және басқа да жәдігерлерді, сондай-ақ Қышқала ортағасырлық қаласынан алынған жылтыратылған қаптамаларды көре алады.

Көрмеге Бұқарбай батыр Естекбайұлы, Қалмұхаммед ишан Маралұлы, Ер Сейітпенбет әулие, Сердалы би Бекшораұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы сияқты белгілі тарихи тұлғаларға тиесілі кітаптар, қолжазбалар, тұрмыстық заттар енгізілді. Көрме қонақтарының назарына М.Ниязов ақын-айтыскерінің «алтын домбырасы», қайта жаңғыртылған экспонаттар, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қорында сақталған қылқалам шеберлерінің 40-қа жуық картинасы ұсынылды.

Көрме 19 желтоқсанға дейін жалғасады. Ол барлық тарих әуесқойларына Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген ежелгі өркениетпен, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарында Чирик-Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жаңкент, Қышқала және Асанас қалаларында жүргізілген кешенді археологиялық қазбалардың нәтижелерімен танысуға мүмкіндік береді.

307
05.12.2024