Барокко, классицизм және романтизм: үш дәуірдің музыкасы «Астана Операда» шырқалады

Барокко, классицизм және романтизм: үш дәуірдің музыкасы «Астана Операда» шырқалады

Атақты композиторлар И.С. Бах, В.А. Моцарт, И. Брамстың туындылары 4 ақпанда К. Байсейітова атындағы Камералық залда «Үш данышпан – үш әлем» концертінде орындалады.

Осы кеште елорда тұрғындары мен қонақтары әр ғасырдағы классикалық музыканың жауһарларымен танысады. Концерт бағдарламасына барокко дәуірінің ұлы композиторы И.С. Бахтың флейта мен фортепианоға арналған соль минор сонатасы, музыкалық классицизмнің данышпан өкілі В.А. Моцарттың флейта мен фортепианоға арналған ре мажор сонатасы, романтизм кезеңінің көрнекті композиторы И. Брамстың кларнет пен фортепианоға арналған №1 фа минор сонатасы және кларнет пен фортепианоға арналған №2 ми-бемоль мажор сонатасы енгізілді.

«Қазақстандық керемет пианист Гүлжан Мұрзағалиқызы Айдаболовамен 20 жылға жуық таныспыз және сахнада бірлесіп музыка ойнауды бұрыннан жоспарлағанбыз. Бастапқы идея Брамстың екі сонатасын бірге орындау болды, ал Бах пен Моцарттың шығармаларын біздің әріптестеріміз, тамаша флейташы Балжан Сапарова және танымал пианист Алтай Қарпықұлы Құсайынов орындайды. Ал біздің пианист әріптестеріміз ерлі-зайыптылар болғандықтан, осы жағдайлардың арқасында неміс классикалық музыкасының керемет концерті өтеді деп ойлаймын», - деп атап өтті «Астана Опера» оркестрі кларнеттер тобының концертмейстері Станислав Умаров.

Станислав Умаровтың пікірінше, оркестр құрамында ойнауда көптеген керемет нәрсе бар, бірақ камералық орындау – музыканттың ерекше ләззаты мен жеке өмірі, «мереке күні күтетін сүйікті тағамы сияқты». Инструменталист те дәл солай деп есептейді: «4 ақпанда Брамсты ойнайтынын біле тұра, сіз оны асыға күтесіз».

«Белгілі болғандай, кларнет пен фортепианоға арналған сонаталар Брамстың кейінгі шығармаларының қатарына кіреді. Композитор бұл шығармаларға өзінің барлық шеберлігі мен өмір жолының және тұтастай дәуірдің сол сәттегі толғаныстарын салды. Біз үшін, кларнетшілер үшін неміс музыкасының маңызы зор, бұл негіздердің негізі, өйткені кларнет музыкалық аспап ретінде Германияда пайда болды. Кларнеттің ізашары шалюмо болды – сол кездегі орындаушылар Германия мен Францияда ойнаған ағаш үрмелі аспап. Мен үшін Брамс, Вебер, Шпор сияқты неміс композиторларының романтикалық музыкасы ең сүйікті шығар, бұл осы сөздің кең және терең мағынасындағы классика. Мен бұл музыканы ойнаған кезде өте бақыттымын», - деп бөлісті Станислав Умаров.

318
15.01.2025