
Жаңару күні – Наурызнама онкүндігі аясындағы мазмұны терең, танымдық әрі тәрбиелік мәні зор мереке. Халқымыздың дүниетанымында көктем – тіршіліктің қайта жанданатын кезеңі. Қыстың ызғарынан кейін табиғат қайта түлеп, жер көгеріп, тіршілік атаулы жаңара бастайды. Бұл құбылысты халқымыз тек сыртқы өзгеріс ретінде емес, адамның рухани әлемімен де сабақтастыра қарастырған. Осы күнге орай біз «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматовпен әңгімелестік.
– Жаңару күні – қоғамды тазалыққа үндейтін, табиғатқа жанашырлықты дәріптейтін ерекше күн, – дейді Нұрасыл Бекматов. – Бұл мерекенің басты мақсаты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатқа деген сүйіспеншілікті нығайту. Атаулы күні халқымыз бірлесіп, елді мекендерді тазалау, ағаш отырғызу, көгалдандыру секілді игі шараларды ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар айналаны көркейтіп қана қоймай, әр адамның туған жеріне жанашырлықпен қарауына ықпал етеді. Жаңару күні – сыртқы тазалықпен қатар, ішкі жаңғырудың да символы. Ол қоғамды ортақ іске жұмылдырып, табиғатты аялау арқылы елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Әрбір қатысушы өз өңірінің көркеюіне үлес қосып, ортақ игілікке қызмет етеді.
Нұрасыл Жасұланұлы «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға да тоқталды. «JASYL EL» республикалық штабы жастар саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
– Республикалық штаб жастарды маусымдық жұмыспен қамту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру және әлеуметтік белсенділікті арттыру бағытында түрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады. Ұйым ұйымдастыратын іс-шаралар тек қоқыс жинаумен шектелмейді. «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары ауылдық және қалалық жерлерде ағаш егу, көгалдандыру акцияларын өткізеді. Жалпы, тазалық әр адамнан, әр отбасыдан басталады. Қоғамдағы үлкен өзгерістің алғашқы қадамы – қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, қоқысты дұрыс сұрыптау және табиғатты құрметтеуден басталады, – дейді ол.
Оның айтуынша, Жаңару күні – қоршаған ортаны, табиғатты, туған қаламыз бен ауылымызды таза ұстауға деген жауапкершілігімізді еске салатын маңызды күн.
– Бұл күні әрқайсымыз ортақ іске үлес қосып, өңіріміздің көркін арттыруға атсалысамыз. Экологиялық мәдениет пен тазалықты тек бір күндік шара ретінде емес, күнделікті өмір салтымызға айналдыру аса маңызды. Қоқысты сұрыптау, ағаш отырғызу, көгалды күтіп-баптау сияқты қарапайым, бірақ мәні зор әрекеттер – әр азаматтың табиғат алдындағы жауапкершілігі. Бірлігіміз бен белсенділігіміздің арқасында елімізді таза, жасыл әрі жайлы мекенге айналдыра аламыз. Ең бастысы – ниетіміз таза, ойымыз ұқыпты болып, әрбір ісіміз туған жеріміз бен табиғатымыздың игілігіне бағытталсын, – деп түйіндеді штаб басшысы.