Алматы театрында өткен жарқын ашылу рәсімінің куәсі болған көрермендердің саны шамамен 700 адамға жетті. Бұл рәсім фестивальдің алдағы күндеріне жоғары қарқын берді.
Қызыл кілем үстінде 15-тен астам елден келген кинематографтар, актерлер және продюсерлер жарқырады. Үлкен шоу кино әлеміне есік ашып, онда мәдениеттер, дәстүрлер мен өнерге деген жаңа көзқарастар тоғысты.
Ашылу салтанаты барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті достар! Сіздерді XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл фестиваль – еліміздің мәдениетін әлемге танытатын бірегей алаң. Биылғы шара қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдығына орай өткізіліп отыр. Бұл мерейтойлар терең символдық маңызға ие. Кинематография қоғамды шабыттандырып, шығармашылық пен жаңашылдыққа жетелейді, адамзаттық құндылықтарды насихаттап, мәдени дамуға ықпал етеді. Сондай-ақ ол халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан ұлттық кинематографияның дамуын белсенді түрде қолдап келеді. Біздің кинематографтар аға буынның дәстүрлерін абыроймен жалғастырып, мазмұнды әрі терең фильмдер түсіріп, беделді халықаралық байқауларда мойындалып, марапаттарға ие болуда», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Министр сондай-ақ, өткен жыл отандық кино саласы үшін маңызды оқиғамен ерекшеленетінін атап өтті. Бұл оқиға заңнамалық бастамалардың арқасында жаңа даму кезеңіне қадам басқалы отырған Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына қатысты.
Келесі жылдан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияны тікелей қаржыландыру құқығына ие болады. Заң жобасы жыл соңына дейін Президенттің қол қоюына ұсынылады. Заң қабылданған жағдайда, еліміздегі фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы тікелей «Қазақфильмге» бөлінетін болады.
«Бұл қазіргі көптеген мәселелерді шешеді, киностудияның мұрасын сақтап қалуға, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жұмысын тиімді етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, осы фестиваль ең алдымен, құрметті меценаттарымыз бен демеушілеріміздің арқасында жүзеге асты. Олар өздерінің жомарттығы мен жағдайды түсінуінің арқасында бұл ірі оқиғаны мемлекеттік қаржысыз өткізуге мүмкіндік берді. Яғни, биылғы кинофестиваль толығымен демеушілік қолдау арқылы ұйымдастырылды. Құрметті меценаттарымызға, достарымызға өнер мен мәдениетті халыққа жеткізу жолындағы өмірлік философияларыңыз бен игі миссияларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор құрмет пен ризашылығымды білдіремін!», – деді Айда Балаева.
Мерекелік концерт Шәкен Кенжетайұлы Аймановқа арналған бейнежазбалармен жалғасты. Көрермендер «Қыз Жібек», «Алдар Көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Томирис», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі ән үзінділерін тамашалады. Бағдарлама ары қарай Қазақстанның танымал әртістерімен жалғасты: Әмре, Мәдина Сәдуақасова, сондай-ақ «Меццо», «Асыл» тобы және «Серпер» ансамблі.
Кештің соңында «Бізге дәрігер керек» атты отбасылық фильмнің премьерасы өтті. Бұл фильм қазақстандық кинематографтар түсірген туынды.
XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі 30 қарашаға дейін жалғасады. Көрермендер үздік фильмдерді тамашалап, жаңа есімдерді ашып, киноның сиқырлы әлеміне шын мәнінде бойлай алады. Фильмдер Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында көрсетіледі. Кіру – тегін.
Фестивальдің құрылтайшысы және ұйымдастырушысы дәстүрлі түрде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.
Демеушілер: KAZ Minerals тобы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазахтелеком» АҚ, A-Event KZ.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Қазақстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, ҚазАқпарат ХАА, Arbat Media, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.