Қазақстанда осы даңқты балеттің көптеген қойылымдары бар, бірақ Юрий Григоровичтің нұсқасы эталонды деп танылады. Ол нағыз классиканы бағалаушылар ұмтылатын жоғары өнердің көрінісі болып қала береді. Әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының балет труппасы көптен бері тек елде ғана емес, одан тыс жерлерде де өз кәсібилігімен танымал. Ұжымның осы шығармамен «Dubai Opera» сахнасында өнер көрсетуге бірнеше рет шақырылуы таңқаларлық емес, онда спектакль әрқашан көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жаңа жылдық мерекелер артта қалғанына қарамастан, қазақстандық жұртшылықтың бұл балетке деген қызығушылығы басылмайды. Жақында ғана ыстық Біріккен Араб Әмірліктерінен оралған сценография мен костюмдер астаналық театр сахнасын қайтадан безендіріп, көрермендерге мерекелік көңіл-күйді ұзартуға мүмкіндік береді.
Көрнекті театр суретшісі Симон Вирсаладзенің жасаған костюмдері мен декорациялары қойылымға шынайы сиқырлы атмосфера береді. Ашық түстер, қызықты детальдар мен символизм спектакльді нағыз қысқы ертегіге айналдырады.
Көрермендер «Астана Опера» солистерінің шеберлігінен ләззат ала алады. Сахнаға әр түрлі күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан және Еркін Рахматуллаев шығады. Халықаралық конкурстардың лауреаттары Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы, сондай-ақ кордебалет әртістері өз өнерлерін көрсетеді.
«Бұл қойылым классикалық балеттің үздік дәстүрлерінде жасалған, сондықтан да оны бүкіл әлем жақсы көреді. Жақында Дубайдағы гастрольдер бізге тәжірибе, жағымды эмоциялар сыйлады, басқа елдегі залдың осы оқиғаны қалай бастан кешіп, таң қалғанын бақылау қызық болды. Бірақ үйге оралып, оны қазақстандық жұртшылықтың алдында орындау әрқашан ерекше толқыныс тудырады – біздің аудитория жүрегімен сезінеді, ол немесе басқа көріністен таң қалған бойда қол шапалақтай бастауы мүмкін, және бұл бүкіл спектакльге энергия береді», - деді София Әділханова.