Astana Eurasian Book Fair 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті

Astana Eurasian Book Fair 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті

Елордада IX халықаралық Astana Eurasian Book Fair 2026 кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын аяқтады. Орталық Азиядағы ірі мәдени іс-шаралардың бірі саналатын жәрмеңке биыл да кітап индустриясы өкілдерін, авторларды, сарапшылар мен оқырмандарды бір алаңға жинады.

Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Qazaq Creative» Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.

Биыл көрмеге 80-нен астам ұйым қатысты. Олардың қатарында баспа үйлері, ғылыми-білім беру мекемелері және полиграфиялық компаниялар болды. Қатысушылардың елеулі бөлігін қазақстандық баспалар құраса, халықаралық экспозицияға 15 елден келген ұйымдар қосылды. Олардың қатарында Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Испания, Иран, Моңғолия және басқа да елдер бар.

Бес күн бойы көрме алаңы қала тұрғындары мен қонақтарының белсенді қызығушылығына ие болды. Келушілер жаңа басылымдармен танысып, кітап сатып алып қана қоймай, мазмұнды мәдени бағдарламаларға да қатысты.

Жәрмеңке аясында кітап таныстырылымдары, авторлармен кездесулер, қолтаңба сессиялары, ашық талқылаулар және шеберлік сабақтары өтті. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламалар ерекше сұранысқа ие болды. Интерактивті аймақтар мен арнайы танымдық форматтар жас оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттырды.

Көрме барысында қазақстандық және шетелдік авторлардың жаңа еңбектері таныстырылды. Көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік бағыттағы басылымдар, балалар кітаптары, фотоальбомдар мен мәдени-тарихи жинақтар оқырман назарына ұсынылды.

23 сәуірде жәрмеңке аясында Ұлттық кітап күніне арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Astana Eurasian Book Fair кәсіби қауымдастық үшін де маңызды коммуникациялық алаңға айналды. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан көрме еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Жыл сайын оның географиясы кеңейіп, халықаралық мәртебесі артып келеді.

Astana Eurasian Book Fair 2026 тағы бір маңызды жайтты көрсетті – Қазақстанда кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылық жоғары. Кітап қоғамның интеллектуалдық және рухани дамуының негізгі құралдарының бірі ретінде өз маңызын сақтап отыр.

92
01.07.2026