
Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Қали Қораласбаевтың «Киелі мекен» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл – суретшінің отыз жылдан астам уақыт бойғы шығармашылық ізденістерін жинақтаған ауқымды жоба. Экспозицияға әр кезеңде дүниеге келген туындылар енген: 1990-жылдары туған ауылға деген сағыныш пен сол дәуірдің өзгеріс лебін сездіретін алғашқы полотнолардан бастап, кейінгі жылдардағы кескіндемелік сериялар, графикалық жұмыстар, ағаш композициялар мен тас мүсіндерге дейін бар.
Көрме кеңістігінде суретшінің шығармашылық қолтаңбасының қалай қалыптасқаны ғана емес, оның өнеріндегі басты өзек – адам мен жердің, естелік пен уақыттың, табиғат пен рухани әлемнің арасындағы байланыс айқын аңғарылады.
Өнертанушылар Қали Қораласбаев үшін пейзаждың жай фон емес, өз мінезі мен үні бар тірі кеңістік екенін атап көрсетеді. Оның туындыларында қазақ даласы естеліктің бейнесіне айналады. Ал көне қорғандар, ағаштардың сұлбасы мен өзендердің ирек арналары мәдени жалғастықты меңзейді. Көрме «Киелі мекеннің» картадағы бір нүкте емес, суретшінің өмір жолы мен халық тағдыры тоғысқан рухани кеңістік екенін аңғартады.
«Киелі мекен» – шығармашылық жолды түйіндеу ғана емес, көрерменге қойылған сауал. Біз өз жерімізді қаншалықты танып жүрміз? Мәдени мұраға қаншалықты ұқыптымыз? Бізден бұрын өткендердің ізі қалған үнсіздікті ести аламыз ба?
Осы сауалдар суретшімен әңгімеге арқау болды. Сұхбатта Қали Қораласбаев көрменің ішкі мәні туралы ой бөлісіп, «киелі» ұғымын өзі үшін неге рухани тірек санайтынын және неліктен ең үлкен көрме кеңістігі ретінде Ұлы даланы атайтынын әңгімелейді.
– «Киелі мекен» атауы көрмеңіздің өзегіне айналған. Сіз үшін киеліліктің бастауы қайда: жердің өзінде ме, ата-баба естелігі ме, әлде туған өлкемен ішкі байланыста ма?
– Мен үшін киелілік ең алдымен ішкі сезімнен басталады. Ата-бабаларым ғұмыр кешкен жері, тарихқа қанық кеңістік. Тастар да, бұталар да, көз жетпес көкжиек те бізге рухани мұра қалдырған адамдардың естелігін сақтап тұр. Ел ішінде жиі сапарлаймын. Әсіресе Шу өңіріндегі түркі кешендері мен балбал тастарға барғанда осыны анық сезінемін. Олар ашық аспан астында тұрған, өз алдына бір тұтас көрме секілді.
Өткенмен байланысымды анық түйсінемін. Нағыз көрме залдары табиғаттың өзінде екенін де сол кезде түсінесің. Сондықтан менің барлық жұмысым, қалай айтсақ та, ұлы жердің рухани кеңістігімен сабақтас.
– Сіздің еңбектеріңізде табиғат дербес кейіпкер ретінде көрінеді. Даланың мінезін ашып, оның ішкі әлеміне құрметпен қарауға мүмкіндік беретін көркем тілді қалай табасыз?
– Табиғат мен үшін жүрегімнің бір бөлігі. «Киелі мекен» композициясында мен тірі сақшы секілді асқақтап тұрған еменді бейнеледім. Оның ар жағындағы өзен, уақыттың ағысын білдіреді. Ал алыста ежелгі жерлеу құрылыстары көрінеді. Бұл әр дәуір мен адам өмірінің өзара байланысын көрсетеді.
Мен үшін табиғатты әшекейлеу емес, оны ести білу маңызды. Суретші табиғаттың өз мән-мағынасы бар екенін түсінуі тиіс. Табиғат құрмет пен зерделі көзқарасты талап етеді. Біздің халқымыз ауыр кезеңдерден өтті, бірақ сол емен секілді рухының беріктігін сақтап қалды. Ал өзен уақыттың жаңаруға да бастай алатынын еске салады. Далада өмір сүріп, оның тынысын сезінгенде, бұл бейнелер өздігінен туады.
– Көрмеде өміріңіздің әр кезеңінде салынған туындылар ұсынылған. Тоқсаныншы жылдардағы полотноларыңызға бүгінгі көзқараспен қарағанда, өз дүниетанымыңыздағы қандай өзгерістерді байқайсыз?
– Бұл көрме мен үшін қорытынды жасау сәті болды. Тоқсаныншы жылдары мен шағын ауылдардың басынан өткен ауыр ахуалды бейнеледім. «Тастанды ұялар» мен «Біз сіздерді күтеміз» картиналарында бос қалған үйлер мен балаларының қайта оралуына үміт артқан ата-аналардың күтуі көрініс тапты. Ол кездегі туындылар менің сол кезеңдегі өмірлік шындығымды бейнелейді.
Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Ауылдар қайта жандана бастады: жаңа мектептер, жолдар, жұмыс орындары пайда болуда. Менің дүниетанымым да өзгерді. Бұрын тек ауыртпалықты сезінсем, бүгінде үмітті аңғарамын. Ауыл әлі де менің басты шабыт көзім болып қала береді. Онда мен жермен де, өз өткеніммен де тірі байланысты сезінемін.
– Елде урбанизация үдерісі жүріп жатқанымен, ауыл тақырыбы шығармашылығыңызда маңызды орын алады. Неліктен сіз ауылдық кеңістікке қайта-қайта ораласыз және ол сізге суретші ретінде нені ашады?
– Мен ауылда тұрамын, сонда еңбек етемін. Бұл – менің саналы таңдауым. Көпшілік суретшіге қалада жұмыс істеу жеңілірек деп ойлайды. Мүмкін, көрме ұйымдастыру тұрғысынан солай болар, алайда менің негізгі тақырыбым дәл ауылда өмір сүреді. Ауыл тарихи естелікті, дәстүрді, ата-баба үнін сақтайды. Онда мен өзімді жақсы күйде сезінемін. Ауыл ежелден қазақ халқының бесігі болып келген және солай қала береді. Егер ауыл сақталса, болашақ та берік болады.
– Сіз бояумен, ағашпен, таспен және графикамен жұмыс істейсіз. Материалды таңдауды не анықтайды және идея мүсінге немесе кескіндемеге айналғанда қалай өзгереді?
– Әр материалдың өз тілі бар. Кейде ой тасқа сұранып тұрады, кейде ағашты, кейде түсті немесе акварельдің жұмсақтығын қажет етеді. Мен ішкі күйді дәл жеткізе алатын материалмен жұмыс істеймін. Материал – идеяны шектейтін емес, оны айқындайтын құрал. Ішкі ойдың өзі өз пішінін таңдайды.
– Тас мүсін ерекше төзім мен зейін қоюды талап етеді. Осы еңбекте уақыттың ағымын қалай сезінесіз, ол Сіз үшін қандай мағынаға ие?
– Таспен жұмыс ауыр. Ол күшті, шыдамды және жауапты болуды талап етеді. Бірақ мен бұл үдерісті ата-бабадан жалғасқан дәстүрдің жалғасы деп қабылдаймын. Балбал тастар мен өзге тас мүсіндер жай ескерткіш үшін жасалмаған. Олар рухани мағына жүктелген нысандар. Таста уақыт ерекше сезіледі. Ол бөгет емес, табиғи серік. Материалды тыңдай білу керек. Зер салсаң, тас өзі пішінін меңзейді.
– Көптеген композицияларыңызда кеңістік пен көркем тыныштық маңызды рөл атқарады. Картинадағы бос орын Сіз үшін нені білдіреді, ол ішкі мазмұнмен қалай байланысады?
– Қазақ жаны кеңістікке тәуелді. Кеңістік тарылған сайын адам қысымды сезінеді. Сондықтан жұмыстарымда әдейі бос кеңістік қалдырамын. Ол тыныс, тыныштық және жол сезімін тудырады. Картинадағы тыныштық – көрермен ой тоқтататын рухани кеңістік. Ол даланы, оның сабырын және ішкі жарығын еске салады.
– Ұлттық мотивтер көбіне сәндік деңгейде қалып қояды. Мәдениет пен тарихи естелік туралы сыртқы формаға ұрынбай, терең мағынада сөйлеу жолын қалай табасыз?
– Ою-өрнек пен декоративтік элементтер мәдениеттің тереңін өздігінен аша алмайды. Мен үшін халықтың сезімі, тағдыры және тарихи естелігі маңызды. Тарихтың ауыр кезеңдеріне арналған жұмыстарымда адамның ішкі күйін көрсетуге ұмтыламын. Қонақжайлық туралы композицияларда дәстүрді емес, жан тазалығын айтамын. Ұлттық код сыртта емес, адамның ішінде.
– Шығармаларыңызда өзара көмек, табиғат пен адам байланысы жиі көрінеді. Сіз бұл еңбектерді кім үшін жасайсыз, көрерменнің, әсіресе жастардың қабылдауы Сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Мен картиналарды ішкі күйден шығарып саламын. Олар мен өмір сүріп отырған уақыт пен кеңістікті бейнелейді. Кейбіріне шығарма бірден түсінікті, енді біріне – уақыт өте. Бұл менің жолыма әсер етпейді. Мен еңбектерімді болашаққа қалдырылған естелік ретінде қабылдаймын.
Жастар көрмелерге жиі келеді. Олар жер, дәстүр, рухани ізденіс туралы сұрақ қояды. Сол тірі сұрақтар үміт береді. Мен олардан алға бастайтын күшті көремін.
– «Киелі мекен» жобасы ұзақ шығармашылық жолдың бір бөлігі ретінде қабылданады. Оның болашағын қалай елестетесіз, 20-30 жылдан кейін көрермен еңбектеріңізден нені көруі тиіс деп ойлайсыз?
– Мен көрермен ең алдымен халықтың жанын көрсе деймін. Әр адамның бойындағы ішкі жарықты сезінсе деймін. «Киелі мекен» мен үшін аяқталмайтын тақырып. Ол менімен өмір бойы бірге келеді. Бұл жолдың жалғасы боларына сенемін.