
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттерінің басшыларымен бірге Түрікменстанның Аваза аймағында өткен ұлттық тағамдар фестиваліне қатысты. Мәдени бағдарлама Достастық елдері басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған іс-шаралар аясында өтті.
Қазақстан фестивальге бірнеше тақырыптық бөлімнен тұратын ұлттық павильонын ұсынды. Мұнда қонақтар еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен, ұлттық салт-дәстүрлерімен және бүгінгі жетістіктерімен танысты.
Фестиваль барысында ұлттық тағамдарға ерекше мән берілді. Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мүше елдердің дәстүрлі тағамдарын әзірлеу жолдары көрсетілді. Бұл әр халықтың мәдениетін көрме арқылы ғана емес, ұлттық ас әзірлеу дәстүрі, қолөнері мен қонақжайлық салты арқылы да танытуға мүмкіндік берді.
Өзге мемлекеттер де ұлттық мәдениетін таныстыратын арнайы алаңдар әзірледі. Атап айтқанда, Түрікменстан павильонында жергілікті бақша дақылдары, дәстүрлі нан-тоқаш өнімдері мен түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды. Сондай-ақ «Оғыздар» («Огузлар») атты әдеби-сазды қойылым көрсетілді.
Мәдени бағдарлама аясында ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында ұйымдастырылған «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты мемлекетаралық телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау өңір халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрінде айрықша орын алатын тұлпар бейнесіне арналды.
Авазадағы фестиваль ұлттық тағамдар, музыка, қолөнер, кино өнері мен халықтық дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырды. Бұл іс-шара Қазақстанға ТМД елдерінің басшылары бас қосқан халықаралық деңгейдегі жиында халқымыздың бай мәдени мұрасы мен еліміздің бүгінгі келбетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.