Астанада «BaiQymyz – Бапталған қымыз» атты гастрофестиваль өтеді: қымыздан дәм тату, этноспорт жарыстары және 45 млн теңгелік жүлде

Астанада «BaiQymyz – Бапталған қымыз» атты гастрофестиваль өтеді: қымыздан дәм тату, этноспорт жарыстары және 45 млн теңгелік жүлде

19-20 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында қазақ даласының ұлттық нышандарының бірі — қымызға арналған ауқымды гастрофестиваль өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50-ге жуық өндіруші жиналып, 60 мыңға жуық көрермен қатысады деп күтілуде.

Іс-шара аясында қонақтарға:қызықты да мазмұнды бағдарлама әзірленген:

– түрлі сұрыптағы қымыздан дәм тату,
– қазақы жылқы тұқымдарының көрмесі,
– этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламалары,
– шеберлік сабақтары,
– қолөнер жәрмеңкелері,
– қымыздың пайдасы мен жылқы шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми конференция.

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Германиядан келген сарапшылар қатысады.

Фестивальдің басты оқиғасы — ең үздік қымыз дайындау байқауы болмақ. Жүлде қоры – 45 миллион теңге:
– 1-орынға — 20 млн,
– 2-орынға — 15 млн,
– 3-орынға — 10 млн теңге.

Бұған қоса, ипподромда аударыспақ, асау үйрету, арқан лақтыру, тазы жарыстары сынды бірқатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді:

Қымыз тарихынан:

Қымыз — мыңжылдық тарихы бар сусын.

Бие сүтінен ашытылып дайындалатын қымыз — Орта Азияда ертеден белгілі дәстүрлі сусын. Ең алғашқы жазба деректер Геродоттың еңбектерінде кездеседі. Онда б.з.д. V ғасырда скифтер бұл сусынның дайындалу тәсілін құпия сақтағаны айтылады.

Қазақ халқы қымызды жай ғана сусын емес, күш-қуаттың, денсаулық пен ұзақ ғұмырдың кепілі деп санаған. Оны арнайы сабаға құйып, белгілі бір уақыт ашытып, арнайы рәсімдерге сай дайындаған. Қымызды қадірлі қонақтарға ерекше құрметпен ұсынған.

Қызықты деректер:

Қымыздың құрамында B тобының дәрумендері, C дәрумені, кальций мен ас қорытуды жақсартатын ферменттер бар.

Ол пробиотикалық қасиеттерге ие, ішек микрофлорасына пайдалы әсер етеді.

Қымызбен емдеу (қымыз терапиясы) — Қазақстан мен Ресейде танылған сауықтыру әдісі. Асқазан-ішек және өкпе ауруларына жақсы көмектеседі.

Әлсіз және орташа ашытылған қымызда 2,5%-ға дейін спирт болады, ол шөлді жақсы басып, сергітеді.

Көшпелі тұрмыста қымыз көктем, жаз мезгілдеріндегі мәзірдің ажырамас бөлігі болған. Ал оны дайындау ұрпақтан ұрпаққа жеткізілген әйелдердің өнері саналатын.

Фестивальдің маңызы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «BaiQymyz – Бапталган қымыз» фестивалі қазақтың дәстүрлі тағам мәдениетін қайта жаңғырту, қымызды денсаулықтың кепілі және ерекше өнім ретінде насихаттау, агротуризмді дамыту және ұлттық экономиканың маңызды саласы — жылқы шаруашылығына деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізіледі.

Фестиваль — ұлттық дәстүр, ғылым, спорт пен гастрономияны тоғыстыратын жарқын әрі танымдық іс-шара болмақ.

169
30.06.2025