
2026 жылдың 17 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде суретші-монументалист, график, кескіндемеші әрі сәндік-қолданбалы өнер шебері Қами Айтқалиевтің 80 жылдығына арналған «Сан ғасырлық сарын» атты мерейтойлық көрменің ашылуы өтеді.
Экспозицияда автордың көпжылдық шығармашылық жолын және өзіндік көркемдік тілінің қалыптасуын айқындайтын 60-тан астам туынды ұсынылады. Қами Айтқалиевтің шығармашылығы көркемдік ойлаудың ауқымдылығымен, декоративтілігімен және монументалдылығымен ерекшеленеді. Оның еңбектерінде дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тауып, пішін мен түстің өзара байланысы көрерменнің эмоциялық қабылдауына әсер етеді.

Көрмеде киіз, жүн, құрақ секілді дәстүрлі материалдар мен техникалар қолданылған жұмыстарға ерекше орын берілген. Бұл туындылар қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін заманауи көркемдік контексте жаңаша қырынан танытады. Сонымен қатар экспозицияда суретшінің пластикалық ойлау жүйесін, сызық пен ырғаққа негізделген ізденістерін айқындайтын графикалық еңбектері де ұсынылған.
Қами Айтқалиевтің туындылары Қазақстанның республикалық музейлерінде және жеке коллекцияларда сақтаулы. Көрме суретшінің ұлттық болмыс пен тарихи жадыны заманауи көркемдік ізденістермен ұштастырған шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталған.
