Әсел Мекебаева: «Скрипка үніне бірден ғашық болдым»

Әсел Мекебаева: «Скрипка үніне бірден ғашық болдым»

Скрипкашы Әсел Мекебаева бүгінде кәсіби орындаушы ғана емес, өз мектебін қалыптастырған тәжірибелі педагог. Өнер иесімен әңгімеде шығармашылық жолының бастауын, табысқа жетудегі табандылықтың рөлін, музыкант үшін эстетикалық талғамның маңызын және Қазақстанның көркем табиғаты аясында жүзеге асатын ерекше жобаларының қыр-сырын сөз еттік.

– Музыкамен бала кезден айналысып келесіз. Скрипканың бүкіл өміріңіздің мәніне айналатынын қай сәтте түсіндіңіз?

– Менің өнер жолым алты жасымда Қостанайдағы дарынды балаларға арналған музыка мектебіне қабылданған кезімнен басталды. Білесіз бе, скрипканы алғаш рет қолыма алған сәтте жан дүниемде беймәлім бір толқыныс оянғандай болды. Оның үніне бірден ғашық болдым десем артық емес. Сол кезден бастап бұл аспаптың менің өмірлік жолыма айналатынын іштей сезіндім. Өзімді басқа салада елестете де алмадым, оны іздеп те көрмеппін. Бұл алғаш сахнаға шыққан сәтте оянған махаббат еді.

– Алғаш өнер көрсеткен сәтіңіз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?

– Өкінішке қарай, сахнаға алғаш шыққан сәтімді аса табысты болды деп айта алмаймын. Ол кезде небәрі жеті-сегіз жастағы бала едім. Концерт залында жиі өтетін емтихандар мен түрлі концерттер біз үшін үлкен сын болатын. Ашығын айтсам, сол кезде үздік оқушылардың қатарынан көріне алмадым. Бірінші сыныптағы ең алғашқы емтиханнан кейін еңкілдеп жылағаным әлі күнге дейін есімде. Табиғатымнан бәрінің мінсіз болғанын қалайтыным шығар, ойынымның көңілдегідей шықпағанын сезіп, қатты қапаландым.

Алайда осы алғашқы сәтсіздікке қарамастан, өнерден қол үзу туралы ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бала күнімнен-ақ: «Егер бір іс нәтижесіз болса, демек, одан да көп еңбектену керек», – деген қағиданы санама сіңірдім. Басқа балалар демалыстың қызығына берілгенде, мен күніне төрт, кейде сегіз сағатқа дейін тапжылмай дайындалатынмын. Табиғат маған музыкалық есту қабілеті мен белгілі бір икем дарытқанымен, жалғыз таланттың ештеңе шешпейтінін ерте түсіндім. Бүгінгі жеткен деңгейім – туабітті дарынның ғана емес, ең алдымен қажырлы еңбектің, берік мінез бен қайтпас қайсарлықтың жемісі.

– Скрипкаңыз туралы айтып беріңізші. Оның өзіндік тарихы бар ма?

– Менің қазіргі аспабымның тарихы – өз алдына бір хикая. Бұл скрипканы 2005 жылы белгілі шебер Александр Курников көне италиялық дәстүрді қатаң сақтай отырып жасаған. Қолымның шағын әрі нәзік болуына байланысты аспап та дәл маған лайықталып әзірленді. Сырт келбеті жинақы, қоңырқай реңкті болғанымен, оның бойында ерекше тереңдік пен ғажайып әсемдікке толы үн бар.

Осы скрипкамен бірге талай белесті бағындырып, талай әсерлі сәттерді бастан өткердім. Алайда 2020 жылы, пандемия кезінде күтпеген оқиға орын алды. Кішкентай қызым абайсызда аспаптың үстіне құлап, скрипка быт-шыт болып қирады. Музыкант үшін бұл жай ғана заттың бүлінуі емес, жанының бір бөлшегінен айырылғандай ауыр соққы. Сол сәттегі күйімді сөзбен жеткізу қиын.

Содан кейін аспапты қалпына келтіре алатын маманды ұзақ іздедік. Бірнеше шебермен кеңесіп, түрлі нұсқаларды қарастырдық. Ақырында алматылық шебер Виктор скрипканы толықтай қалпына келтірді. Жөндеуден кейін аспап бұрынғыдан да бай, терең әрі әсем үн шығара бастады.

– Өз скрипка мектебіңізді ашу идеясы қалай пайда болды? Мектебіңіздің миссиясы қандай?

– Мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің соңғы курсында оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Диплом алған бойда ана атандым. Ашығын айтсам, ұстаздық етуді ешқашан мақсат етпегенмін, тіпті сабақ беруді жоспарламадым да. Тек үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандайтынмын. Ал қызым дүниеге келгеннен кейін таныстарым Instagram арқылы: «Сабақ бермейсіз бе? Өзіңіз сахнада белсенді жүрген музыкантсыз, әрі бала тәрбиесінде де тәжірибеңіз бар ғой», – деген ұсыныстар жаза бастады. Тәуекел етіп, бір-екі сабақ өткізіп көрдім. Осылайша бұл іске деген махаббатым оянды. Бұл маған бейне бір үлкен суреттің мозаикасын құрастырғандай әсер қалдырды.

– Әсел ханым, шабытты қайдан аласыз?

– Менің негізгі шабыт көзім – адамдар және ақпараттық кеңістік. 2019 жылдан бастап Instagram желісін белсенді жүргізіп, түрлі локацияларды іздеп, алғашқы видеоларымды түсіре бастадым. Музыка әлеміне қызығатын жандар мені дәл осы әлеуметтік желі арқылы тауып келді. Соның арқасында скрипка мектебімді ашып, өзім үшін жұмыс істеуге нық қадам жасадым.

Меніңше, мектебімнің басты миссиясы – таланттардың бағын ашу және шәкірттеріме олардың өмірлік азығына айналатын терең білім мен рухани құндылықтарды дарыту.

Бүгінде менің шабытым толассыз ізденіс пен «көру тәжірибесінен» (насмотренность) бастау алады. Уақыт өткізу үшін лентаны мақсатсыз парақтайтын күндер артта қалды. Қазір мен үшін әлеуметтік желі идеялардың сарқылмас көзіне айналды. Өзге музыканттардың орындау шеберлігін, экран арқылы сезімді қалай жеткізетінін, кадр мен жарықтың үйлесімін жіті бақылаймын. Сол сәтте-ақ келесі түсірілімдеріме қатысты ойларымды жинақтап, қызықты тұстарды түртіп аламын. Өзгелердің шығармашылығы маған зор қуат береді, содан кейін бұдан да тамаша дүниелер жасағым келеді.

– Сіздің бейнежазбаларыңыз көбіне еліміздің көрікті жерлерінде түсіріледі. Мұндай жобалардың идеясы қалай туады?

– Білесіз бе, шығармашылық шабыт деген – мүлде болжап болмайтын құбылыс. Ол маған түн ортасында да, таңсәріде де келуі мүмкін. Мен бір нәрсеге сенемін: егер идея келсе, оны кейінге қалдырмай, дәл сол сәтте іске асыру керек. Ондай сәттерде бүкіл әлем саған сол ойды жүзеге асыру үшін энергия мен қажетті мүмкіндіктерді өзі сыйлап жатқандай күй кешесің. Ең бастысы – шабытты дер кезінде сезіне білу.

Мен Қазақстанда туып-өскеніме шын жүректен қуанамын. Біздің жеріміз ғажайып, тіпті ғарыштық пейзаждарды еске түсіретін табиғи көріністерге бай. Жақында ғана өзім армандаған түсірілімнен оралдым. Біз Маңғыстауда жаңа бейнебаян түсірдік. Бұл мекен мені қатты таңғалдырды. Дәл сонда, борлы таулар мен каньондардың арасында тұрып, бүкіл Қазақстанды музыкамен аралап шыққым келді. Ендігі үлкен мақсатым – еліміздің шығысы мен оңтүстігіне сапар шегіп, әлемге Қазақстанның өзге де таңғажайып сұлулығын паш ету.

– Скрипка – әлемдегі ең күрделі аспаптардың бірі. Өз қиындығы да бар шығар?

– Мен скрипка үнін алғаш рет төрт жасымда естідім, ал алты жасымда қолыма алдым. Содан бері оған ғашықпын. Өмірімде бірде-бір рет бәрін тастап кетсем деген ой болған емес.

Әрине, бұл жолдың оңай болмағанын, психологиялық тұрғыдан да ауыр тигенін жасырмаймын. Жақындарым ұзақ уақыт бойы маған сенім артпады. Басқа мамандық таңдауға кеңес берді. Оған қоса кәсіби қиындықтар да аз болған жоқ. Өте күрделі туындыларды орындай алмай, халықаралық байқауларда ауыр кезеңдерді бастан өткердім.

Бірақ менің бойымда қайтпас қайсарлық бар. Егер бір істі қолға алсам, не болса да, соңына дейін жеткіземін. Өзгелердің сенімсіздігі мені жасытқан жоқ, керісінше жігерімді шыңдай түсті. Қайсарлығым мен айқын мақсатым мені кез келген дағдарыстан алып шығып отырды. Мен тек тоқтаусыз еңбек ете бердім.

– Бүгін жас музыканттар бойындағы қай қасиетті ерекше дамытуы керек? Музыка әлеміне енді ғана қадам басқан жас шәкірттерге не айтар едіңіз?

– Меніңше, заманауи музыкантқа таланттан бөлек, темірдей тәртіп, психологиялық төзімділік және өз ісіне деген шексіз, шынайы махаббат қажет. Мұның бәрін өз бетіңше қалыптастыру мүмкін емес. Бұл ретте ұстаздың тұлғалық рөлі орасан зор.

Ал өнер жолына алғашқы қадамдарын жасап жатқан барлық жас скрипкашылар мен шәкірттерге айтарым – ешқашан, қандай қиындыққа тап болсаңыздар да, берілмеңіздер. Асқақ арманнан қорықпаңыздар. Алдарыңызға ең биік, тіпті қол жетпестей көрінетін мақсаттар қойыңыздар. Ең бастысы – әрекет етіңіздер. Сонда еңбектеріңіз бен талпыныстарыңыз міндетті түрде өз жемісін береді.

270
23.06.2026