
«Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау кезеңі сәтті аяқталды. Байқауға еліміздің барлық өңірінен жалпы 1 187 өтінім келіп түсті. Бұл көрсеткіш жас буынның шығармашылыққа, табиғатты қорғауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген қызығушылығының жоғары екенін айқын көрсетеді.
Өңірлер бойынша ең жоғары белсенділік Астана қаласында (20,6%), Ақмола облысында (15,9%), Ақтөбе облысында (12,8%) және Алматы қаласында (11,9%) тіркелді.
Қатысушылар құрамында 5-8 сынып оқушылары басымдық танытып, олардың үлесі жалпы өтінімдердің 45,2%-ын құрады. Сонымен қатар, 1-4 сынып оқушылары – 28,6%, ал 9-11 сынып оқушылары – 26,2% болды.
Байқауға ұсынылған жұмыстардың мазмұны табиғатты қорғау тақырыбына арналды. Атап айтқанда, жұмыстардың 81,6%-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарларды, ал 18,4%-ы сирек кездесетін өсімдіктерді бейнелеуге бағытталған.
Байқауды ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділігі, шығармашылық ізденісі және табиғатқа деген жанашырлығы үшін алғыс білдіреді.
Алдағы кезеңде қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды саралап, байқаудың үздік жеңімпаздарын анықтайды. Байқауға қатысқан барлық жас суретшілерге сәттілік тілейміз!