
Жапонияның Kiryu FM радиостанциясы Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының арнайы шығарылымын ұсынды. Эфирдің басты жаңалығы – әншінің «Aqerke» атты жаңа туындысының радиостанцияда алғаш рет шырқалуы болды.
Бағдарлама барысында Love’s Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico әндері де тыңдарманға жол тартты. Арнайы шығарылымды әзірлеуге жапониялық Dimash Japan Fan Club өкілдері атсалысты.
Kiryu FM жапон тыңдармандарын қазақстандық орындаушының шығармашылығымен 2020 жылдан бері таныстырып келеді. Осы уақыт ішінде радиостанция Димаштың жаңа әндерін эфирге шығарып, оның өнеріне арналған тақырыптық бағдарламалар әзірледі.
Music Forever бағдарламасы Гумма префектурасының Кирю қаласында шығады. Бағдарламаны Кадзудзи Като мен Кэко Ямамото жүргізеді.