Қазіргі таңда креативті индустрия Қазақстан дамуының басты бағыттарының біріне айналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, креативті экономика азаматтарға өзін-өзі жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып қана қоймай, елдің мәдени беделін де нығайтады. Өскемен қаласының тұрғыны Юрий Костанянцтың өмір жолы — жеке шеберлік пен өнерге деген махаббаттың қалайша мәдени феноменге айналатынының жарқын дәлелі. Бір адамның күшімен жасалған ағаш ою өнерінің үй-музейі бүгінде тек жергілікті тұрғындар мен туристердің бас қосатын орны ғана емес, сонымен бірге аймақтың мәдени келбетін өзгерткен креативті ойдың ел шекарасынан асып, кеңінен мойындалғанының айғағына айналды.
Юрий Костанянц жарты ғасырдан астам уақыт бойы ағаштан мүсін оюмен айналысып келеді. Бойындағы шабыт пен қажырлы еңбектің арқасында ол қарапайым ағашты әлемдік деңгейдегі өнер туындыларына айналдырды. Азаматтық авиацияның бұрынғы ұшқышы бүгінде өз шаңырағында 400-ден астам экспонат сақталған музей ашып, оны мәдени мұра мен ұлтаралық бірліктің орталығына айналдырды. Qazaq Culture редакциясы шебермен шығармашылық жолы, елдегі қолөнершілерді қолдау және оның жүрегіне ерекше жақын туындысы жайында сұхбат құрды.
— Юрий Михайлович, қазір көрерменді таңғалдыру оңай емес. Дегенмен, Сіздің туындыларыңыздың әрқайсысы ерекше көркемдік мәнге ие. Әрбір мүсін — өзіндік бір хикая. Азаматтық авиация ұшқышы бола тұра, ағаш оюға деген сүйіспеншілігіңіз қалай басталды?
— Мен бала кезімнен ағаш оюға әуес болдым, бастапқыда бұл менің хоббиім еді. Кейін ол өмірлік ісіме айналды. Авиацияны тастамадым, бірақ зейнетке шыққан соң бар уақытымды сүйікті ісіме арнадым. Бала күнімде біздің үйде әрдайым бір нәрсе жасалатын: әйелдер ұлттық киім тіксе, ер адамдар зергерлікпен, сәндік жиһазбен айналысты. Әсіресе, атам Эдуард Тер-Казарян — Кеңес Одағында ғана емес, шетелде де аты шыққан шебер болатын. Сол себепті тарихқа, ағашқа, өнерге деген сүйіспеншілік қанымда бар. Өз мүсіндерім арқылы халықтардың тарихын жеткізіп, көне эпостарды бейнелеуді мақсат тұтамын. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына арналған жобаларым маған ерекше қымбат. Қазір музейімде үш қолөнершімен бірге еңбек етудеміз.
— Өткен жылы Өскеменде әскери мүсіндер көрмесі өтті. Сіздің туындыларыңызда «Т-34» танкілері, «Катюша» қондырғылары, офицерлердің бейнелері көрініс тапты. Тіпті Рахымжан Қошқарбаевтың бейнесін аса дәл жеткізгеніңіз жайлы жазылды. Бұл Сіз үшін эмоционалды тұрғыдан ауыр болған жоқ па?
— Әрине, соғыс тақырыбы әрқашан ауыр. Әрбір детальді жіті зерттеймін: фотосуреттерді, техникалардың сипаттамасын, сарбаздардың бейнесін. Соңғы жұмысым — Брест қамалында қалған офицердің мүсініне бірнеше ай еңбектендім. Ол табиғи өлшемде жасалған. Елестетіңізші: гимнастеркасы жыртылған, көзі таңулы, өзі көрмей тұрса да сол қолында граната ұстаған. Бұл — ерлік, батырлық, отансүйгіштік пен елге деген адалдық туралы. Сондықтан бұл жұмыс жүрегіме ерекше жақын.
Музей қазір бірнеше ірі жобаға негізделген: «Қазақстан тарихы», «Шыңғыс хан әулеті», «Ресей тарихы». Бұл тек ағаш мүсіндердің жиынтығы ғана емес, нағыз тірі кеңістік. Мұнда Шыңғыс хан, Кенесары, Шығыс батырларының бейнелері қайта тірілгендей.
— Қонақтар алғаш келгенде қандай әсер алады?
— Әркім әрқалай қабылдайды. Бірі таңырқап, шаттанады, енді бірі көзіне жас алады. Бір қонақ тіпті музейді аралаған соң сауығып кеткенін айтқан еді. Бұл жай ғана үй-музей емес, өнер театры. Мұнда ағаш оюмен қатар музыка мен жарық үндесіп тұрады. Атмосферасы өзгеше, тіпті басқа бір кеңістік секілді. Кейбір мүсіндер 2,5 метр биіктікке жетеді. Шыңғыс хан, Әмір Темір, Абылай хан секілді тарихи тұлғалардың монументалды бейнелері бар. Шетелдік қонақтар жиі келіп, Қазақстаннан жылылық, қонақжайлық пен бай мәдениетті табатынын айтады. Мәселен, Португалиядан келген бір қонақ: «Мұндай бай мұра мен егжей-тегжейлі жасалған тарихты бұрын-соңды еш жерде көрген емеспін» деген болатын.
— Сіздің шығармашылық жолыңызда жарқын сәттер аз емес: 1990 жылы Ленинградтағы бүкілодақтық көрмеде жеңіс, Мәскеудің 850 жылдығына қатысу, Париждегі жеке көрме. Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Жоспарда Новосибирскіде көрме өткізу және жаңа көрме залын ашу бар. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Музейдің ауқымы көпшілікті таңғалдырады, бірақ әзірге барлығы өз қаражатым мен күшімнің арқасында жүзеге асуда. Мен үшін ең бастысы — жастар мен мектеп оқушыларының тарихпен көбірек танысуы. Мысалы, орталық залдың көлемі 200 шаршы метр, екінші зал — 260 шаршы метр. Жылы жертөле арқылы үшінші деңгейге шығуды да жоспарлап отырмын. Егер экспонаттарды дұрыс орналастырсақ, шамамен он екі екі қабатты ғимарат қажет болар еді. Сол себепті әрбір метр үшін жаным ауырады.
— Музейіңізде қазақ хандары мен батырларына арналған «Шыңғыс ханнан Кенесарыға дейін» атты тарихи серия бар. Бұл тақырып Сіз үшін ерекше көрініп тұр. Шығармашылығыңыздың бірегейлігі неде?
— Маған жай ғана тұрмыстық заттарды немесе ұшақтарды ою қызық емес. Мен мән-мағына бергім келеді. Бәлкім, менің бірегейлігім — механизациядан бас тартуымда шығар. Әр бөлшекті қолмен жасаймын: пышақ пен қашау — қолымның жалғасы. Бұл — өте ауыр әрі ұзақ еңбек: бір мүсін айлап, кейде жылдап жасалады. Бірақ дәл осылай ғана мүсіндер тірі энергияға, қайталанбас тереңдікке ие болады. Сондай-ақ, менің көптеген туындыларым Шығыс халықтарының ортақ мәдени кеңістігіне арналған. Бұл — халықтардың бірлігін, ортақ құндылықтарын паш ететін композициялар.
— Бүгінде елімізде креативті индустрия дамып келеді. Салада 143 мыңнан астам адам еңбек етуде, ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 180 мыңға жеткізу жоспарланған. Ал өңірдегі жағдай қалай?
— Нақты статистиканы айта алмаймын, бірақ қалада креативті хабтардың ашылып жатқанын, түрлі фестивальдердің өткізіліп жүргенін көремін. Халық өнерін көбірек насихаттап, жастардың шығармашылыққа қызығушылығын арттырған жөн. Өзім бірнеше баланы тегін оқытып, шеберлік сабақтарын өткіземін. Бірақ мектептерді, колледждерді, жеке студиялар мен жергілікті алаңдарды біріктіретін үлкен хабтар көбірек ашылса деймін.
— Үлкен де күрделі шығармашылық жолдан өткен шебер ретінде жас буынға қандай кеңес берер едіңіз?
— Сүйікті іспен айналысыңдар, сонымен өмір сүріңдер. Сонда бәрі де жүзеге асады. Өз музейімді жанымдай жақсы көремін, себебі маған әрдайым жасау, жаңа туынды дүниеге әкелу ұнайды. Осыдан мен зор мағына табамын.
Өскемендегі үй-музей — жеке құштарлық пен шеберліктің қарапайым шаңырақты мәдени орталыққа айналдыра алатынын көрсететін тамаша мысал. Мұнда өткен мен бүгін тоғысып, қарапайым ағаш тарихтың тіліне айналады.
Музей есігі әрдайым ашық: келіп, «автордың үнін, өнердің тілін» өз көзіңізбен көріп, сезіне аласыз.