Елордалық Жас көрермендер театрында танымал «Гауһартас» қойылымының 250-ші көрсетілімі өтті

Елордалық Жас көрермендер театрында танымал «Гауһартас» қойылымының 250-ші көрсетілімі өтті

Бір жыл мен он айдың ішінде спектакль 250 рет көрсетілді. Ал көрермендердің жалпы саны 100 мыңнан асты.

Спектакль тек астанада ғана емес, сонымен қатар Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Баянауыл, Сырым, Ойыл, Қаратөбе аудандарында көрсетілді. Бұдан бөлек, «Гауһартас» Мәскеудегі Мәскеу мемлекеттік «Драмалық өнер мектебі» театрының сахнасында Астана қаласының Мәдениет күндері аясында ұсынылды.

Музыкалық драманың авторы - Қазақстан Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы және драматург Дулат Исабеков.

Қойылым «Театр өнері» номинациясы бойынша «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Үздік спектаклі» болып танылды. Салтанаттың рөлін сомдаған Инабат Ризабекова «Жылдың үздік актрисасы» номинациясы бойынша «Сыншылар сыйлығы – 2023» жеңімпазы атанды. Спектакль сондай-ақ халықтық дауыс беру арқылы мемлекеттік театрлар арасында «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» сыйлығының «2024 жылдың үздік спектаклі» санатында жеңімпазы атанды. Спектакльдегі «Құдаша» биі мен халық әні әлеуметтік желілерде нағыз трендке айналып, миллиондаған қаралым жинады. Биі бар видео Қазақстанда ғана емес, Қытайда, Түркияда және Ресейде де тарады.

Д.Исабековтың 1967 жылы жазылған «Гауһартас» повесі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған тақырыптарды қозғайды. Шығарма отбасылық құндылықтардың маңыздылығын және әйелге деген құрметтің маңыздылығын ашады.

344
27.12.2024