
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ортағасырлық Түркістанның қалпына келтірілген ескерткіштерін біріктіретін жаңа туристік бағыт әзірледі. Бұл жоба көпжылдық археологиялық, архивтік және сәулеттік зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асты.
Бағыт көне қаланың төрт тарихи кіреберісінің бірі – Жеті ата қақпасынан басталады. Әр кезеңде бұл қақпа арқылы сауда керуендері, зияратшылар, қолөнершілер мен жолаушылар өткен. Ол Түркістанның қорғаныс жүйесінің бір бөлігі болған әрі қаланы Ұлы Жібек жолының бағыттарымен байланыстырған.
Туристік бағытқа Баб Араб мешіті, Баб Араб және Үндемес ата кесенелері де енгізілді. Бұл нысандар Түркістанның белгілі киелі орындарымен қатар, көне қаланың күнделікті тіршілігі, сәулеті, рухани дәстүрлері мен құрылыс тәсілдері туралы кеңірек мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары ауқымды ғылыми зерттеулерге негізделді. Мамандар жазба деректерді, тарихи құжаттар мен архивтік фотосуреттерді зерделеп, археологиялық қазба және сәулеттік зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Маңызды дереккөздердің бірі – Баб Араб пен Үндемес ата кесенелері бейнеленген 1910 жылғы фотосурет. Осы сурет арқылы ғимараттардың бастапқы келбеті, орналасуы мен сәулеттік ерекшеліктері нақтыланды. Зерттеу нәтижесінде кесенелердің XIX ғасырдың соңында қам кірпіштен тұрғызылып, сырты саз балшықпен сыланғаны анықталды.
Баб Араб мешітін қалпына келтіру кезінде мамандар 2009 жылғы теодолиттік өлшеу деректерін, Жеті ата қақпасы маңындағы қазба нәтижелерін және тарихи материалдарды пайдаланды. Археологтар күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалардың іздерін, еден бөліктерін және басқа да құрылыс элементтерін тапты. Осы деректер ғимараттың нақты орны мен бастапқы жоспарын анықтауға көмектесті.
Үндемес ата кесенесінің де тарихи сәулетіне тән белгілер сақталған. Қазба барысында кірпіш қалауының бөліктері мен күйдірілген кірпіштен қаланған қабір үсті құрылысының қатарлары анықталды. Бұл мәліметтер ескерткіштің жекелеген бөліктерін дәстүрлі құрылыс тәсілдерін сақтай отырып қалпына келтіруге негіз болды.
Жаңа бағыт келушілерді тарихи ескерткіштермен ғана емес, оларды зерттеу және жаңғырту үдерісімен де таныстырады. Туристер архивтік құжаттарды зерделеуден бастап, археологиялық қазба жүргізу мен ғылыми реконструкцияға дейінгі жұмыстар туралы ақпарат ала алады.
Жоба археология, реставрация, музей ісі мен туризмді тоғыстыратын тарихи-мәдени мұраны сақтаудың кешенді үлгісін көрсетеді. Қалпына келтірілген нысандар қазіргі мәдени кеңістіктің бір бөлігіне айналып, көне Түркістан тарихы туралы танымды кеңейте түседі.