Көне қолжазбалар тарихы: Ясауи мұрасы бізге қалай жетті?

Көне қолжазбалар тарихы: Ясауи мұрасы бізге қалай жетті?

Біз көріп жүрген көне қолжазбалар музей қорына бір күнде келген жоқ. Оны біреу ғасырлар бойы сақтаса, біреу ұрпағына аманат етті, ал енді біреулер тарихи құндылығын танып, музейге тапсырды. Қорда сақталған көне қолжазбалар мен олардың тарихы жайлы бізге «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Ясауитану» ғылыми орталығы Қолжазбалар мен сирек кітаптарды зерттеу бөлімінің басшысы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алена Балтабаева айтып берді.

– Музей қорында қандай қолжазбалар сақтаулы?

– «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорында 158 қолжазба сақтаулы. Бұл мұралар мазмұны мен жанры жағынан сан алуан. Олардың қатарында Құран және Құран сүрелері, тәпсір, фиқһ, ақида, шариғат мәселелеріне арналған еңбектер, пайғамбарлар тарихы, дұға мен тұмар мәтіндері, сопылық әдебиет, хикметтер, қисса-дастандар, әулиелер туралы шығармалар, шежірелер, сондай-ақ араб тілі грамматикасына қатысты еңбектер бар.

Тілдік құрамы да әртүрлі. Қолжазбалардың едәуір бөлігі араб және парсы, сондай-ақ түркі тілдерінде жазылған. Түркі қолжазбаларының арасында шағатай жазба дәстүріндегі мәтіндермен бірге араб графикасымен жазылған қазақ тіліндегі мұралар да кездеседі. Мәселен, «Мәуліт Шәріп» қазақ тілінде араб жазуымен берілген, ал «Бустан ул-шариат» шағатай жазба дәстүрінде жазылған.

Мерзімдік тұрғыдан қордағы жазба мұра бірнеше ғасырды қамтиды. Көшірілген жылы нақты көрсетілген қолжазбалардың негізгі бөлігі XVIII–XX ғасырларға жатады. Сонымен қатар соңғы жылдары қорға түскен қолжазбалар мен сирек кітаптар топтамасында XVI ғасырға жататын көне жазба мұра да бар. Бірқатар қолжазбалардың көшірілген уақыты нақты көрсетілмегендіктен, олардың мерзімі, қағазы, жазу үлгісі, сиясы, тілдік және полиграфиялық белгілері арқылы қосымша зерттеледі.

Жалпы алғанда, бұл қор бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан діни білім, кітап мәдениеті, тілдік үдерістер мен рухани-интеллектуалдық дәстүрдің сабақтастығын көрсететін маңызды дереккөз. Сондықтан қолжазбаларды тек діни мұра ретінде емес, Қазақстан мен Түркістан өңірінің мәдени, әлеуметтік және интеллектуалдық тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін кешенді жазба дерек ретінде қарастырамыз.

– Қордағы аса құнды қолжазбалардың қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

– Қордағы ең құнды мұраларды олардың жасымен ғана емес, мәтіндік құрамы, сиректігі, сақталу тарихы және ғылыми ақпараттық әлеуеті арқылы бағалаймыз. Соңғы жылдары қорға түскен 17 қолжазба мен сирек кітаптан тұратын топтаманың ішінде 1544 жылмен мерзімделген көне еңбек бар. Бұл топтаманың өзі XVI ғасырдан XX ғасырға дейінгі бірнеше ғасырлық жазба мұраны қамтиды.

Бұрыннан сақталып келе жатқан көне қолжазбалардың бірі – 1724 жылы көшірілген, құрамында парсы тіліндегі «Мусибатнаме» және «Искандарнаме» шығармалары бар жинақ. Сипаттамада оның Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен байланысы көрсетілген.

1735 жылы көшірілген «Маслакул муттақин» қолжазбасы да ғылыми тұрғыдан маңызды. Парсы тіліндегі бұл еңбек сенім негіздері, құлшылық шарттары, діни-этикалық ұстанымдар және адамның дүниелік әрі бақилық өміріне қатысты мәселелерді қамтиды. Мұндай шығармалар XVIII ғасырдағы Орталық Азиядағы діни білімнің мазмұнын және сол кезеңде айналымда болған әдебиетті зерттеуге мүмкіндік береді.

Сирек мұралардың бірі – үш томдық «Мағариж ун-нубуат». Онда Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен пайғамбарлық тарихы кең көлемде баяндалады. Қордың деректері бойынша, бұл еңбек Оңтүстік Қазақстан өңірінде сирек кездесетін және әлі толық ғылыми зерттеуге түспеген жазба мұралардың қатарына жатады.

Қолжазбада архаикалық түркі лексикасының қабаттары және шағатай жазба дәстүріне тән бірқатар ерекшеліктер сақталған. Осы тұрғыдан қордағы көне және сирек қолжазбалар Түркістан өңіріндегі жазба мәдениет пен Ясауи мұрасының тарихи сабақтастығын қалпына келтіруге қызмет етеді.

– Қорда бұрын толық зерттелмеген немесе ғылыми айналымға түспеген қолжазбалар бар ма? Ең маңызды жаңалық деп нені айтар едіңіз?

– Ясауи мұрасы мен Орталық Азиядағы сопылық дәстүр тарихына қатысты бұрын біздің зерттеу аясында арнайы қарастырылмаған бірқатар құнды қолжазба нұсқалары анықталды. Мұндай материалдар Санкт-Петербург, Мәскеу және Ташкент қалаларындағы ірі қолжазба қорларынан кездесті.

Олардың қатарында «Диуани хикмет», «Мират ас-саликин», Мир Мусаййаб Бұхаридің «Китаб-и макамат-и машайих», Мұхаммад Шариф әл-Хусайни әл-Алавидің «Худжжат аз-закирин», Саййил Зинда Али әл-Муфти бин Ходжа Мир Хусейн әл-Бухари әл-Касимидің «Самарат ал-Машаих», «Бурхан аз-закирин», «Мират ул-қулуб», «Рисалат Зикир Хадрат-и Султан ал-Арифин», «Рисала-и Ахмад Яссавий», «Муножот Хазрати Ахмад Яссавий», Хисам ад-Дин Сығнақиге телінетін «Рисала дар таржима-и холи Ахмад Яссавий» және зікір, самағ, қаландар дәстүріне қатысты бірқатар шағын рисалалар бар.

Бұл қолжазбалардың ғылыми құндылығы – олардың бір ғана шығарманың жеке көшірмесі ретінде емес, Ясауи дәстүрінің бірнеше ғасыр бойғы таралуын, қабылдануын және кейінгі сопылық орталардағы жалғастығын көрсететін тұтас жазба мұраның бөліктері ретінде қарастырылуында.

Солардың ішінде ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – «Диуани хикмет» қолжазбалық дәстүрі. Санкт-Петербургтен анықталған нұсқада Қожа Ахмет Ясауиге қатысты хикметтер мен басқа да материалдар сақталған. Оны Ташкентте және басқа қорларда кездесетін Ясауи мәтіндерімен салыстыра зерттеу хикметтердің құрамы, реті, мәтіндік айырмашылықтары мен таралу тарихын нақтылауға мүмкіндік береді.

Екінші маңызды бағыт – «Худжжат аз-закирин» шығармасының әртүрлі қолжазба нұсқаларының анықталуы. Оның Мәскеу мен Ташкент қорларында бірнеше нұсқасының сақталуы шығарманың мәтіндік тарихын, оның таралу аясын және сопылық ортадағы қызметін салыстырмалы түрде зерттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Самарат ал-Машаих» сияқты көлемді шығармалар сопылық машайықтар ортасы, рухани сабақтастық және ұстаз–шәкірт дәстүрін зерттеу үшін маңызды. Ал «Рисалат Зикир Хадрат-и Султан ал-Арифин» секілді шағын мәтіндер көлемі аз болғанымен, зікір тәжірибесі мен «Сұлтан ал-Арифин» ұғымының қолжазба дәстүрінде қолданылуын зерттеуде құнды дерек бола алады.

Сондықтан біз үшін ең маңызды жаңалық – бір ғана бұрын белгісіз қолжазбаның табылуы емес. Негізгі ғылыми нәтиже – Санкт-Петербург, Мәскеу және Ташкент қорларында шашыраңқы сақталған, мазмұны мен шығу тегі жағынан байланысқан Ясауи және сопылық дәстүрге қатысты қолжазбаларды анықтап, оларды біртұтас салыстырмалы зерттеу алаңына енгізу мүмкіндігінің пайда болуы.

Ендігі міндет – осы қолжазбалардың толық цифрлық көшірмелерін жинақтап, ғылыми сипаттамасын жасап, мәтіндерін салыстыру. Осындай зерттеу арқылы Ясауи мұрасының қандай қолжазбалық арналармен таралғанын, әр кезеңде қандай мәтіндік өзгерістерге ұшырағанын және оның Орталық Азияның рухани-интеллектуалдық тарихындағы орнын анағұрлым тереңірек анықтауға болады.

– Қолжазбалардың арасында Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Ясауия дәстүріне қатысты қандай еңбектер бар?

– Қорымызда Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Ясауия дәстүріне тікелей және жанама қатысты бірқатар құнды қолжазбалар сақталған. Олардың ішінде, ең алдымен, «Диуани хикмет» қолжазбаларын ерекше атауға болады. Бұған дейін қорымыздағы көне нұсқалардың бірі шамамен 1845 жылы көшірілген, 326 беттен тұратын «Диуани хикмет» қолжазбасы болатын. Ал жақында Сауран өңірінен Ясауитану ғылыми орталығына тапсырылған мұралар арасынан 1834 жылы көшірілген тағы бір «Хикметтер» қолжазбасы анықталды. Оның құрамында 120 хикмет бар. Бұл нұсқаларды өзара және басқа қорлардағы қолжазбалармен салыстыру хикметтердің құрамын, реті мен мәтіндік айырмашылықтарын, олардың уақыт өте қалай өзгеріп, таралғанын зерттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қорда Қожа Ахмет Ясауиге телінетін немесе Ясауия жазба дәстүрімен байланысты «Пақырнама», «Рисала дар адаби тариқат», «Мират ул-қулуб» сияқты шығармалар бар. Бұл еңбектер Ясауи мұрасын тек хикметтер аясында ғана емес, пақырлық, рухани кемелдену, зікір, сопылық жол әдебі, ұстаз бен шәкірт қатынасы және тариқаттық тәртіп сияқты мәселелер тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік береді. Мұндай мәтіндерді салыстырмалы зерттеу арқылы Ясауиге қатысты идеялардың кейінгі ғасырларда қалай түсіндірілгенін анықтауға болады.

Ерекше назар аударатын қолжазбалардың бірі – 1724 жылы көшірілген, құрамында «Мусибатнаме» және «Искандарнаме» шығармалары бар жинақ. Қолжазбада автор есімі Мусамма бе-Хайдар Мұхаммад ибн Иадгар шайх түрінде көрсетілген. Қордағы сипаттамада оның Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен байланысы атап көрсетілген. Алайда бұл байланыстың сипатын нақтылау үшін мәтінді толық зерттеп, басқа қолжазба нұсқалары және Ясауия әдебиетімен салыстыру қажет.

Ясауидің әулеті мен оның айналасындағы рухани ортаны зерттеуде насабнамалардың орны ерекше. Қордағы осындай материалдардың бірі «Насабнама Хазрат Султан ул-Арифин Хожа Ахмад Ясауи рахматуллахи ғалайхи» деп аталады. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауиге қатысты парсы тіліндегі шежірелік материалдар және «Шаджара-и табақати машаих» сияқты шайхтар шежіресі сақталған. Бұл деректерді салыстыру арқылы тек генеалогиялық мәліметтерді ғана емес, Ясауия дәстүріндегі рухани сабақтастықты, шайхтар ортасын, силсила мен әулиелік беделдің қалыптасуын зерттеуге болады.

Ясауия дәстүрінің кейінгі тарихи даму кезеңдерін танытатын маңызды шығармалардың бірі – Шейх Хұдайдад Таш-Мұхаммед әл-Бұхаридің «Бустан ул-Мухиббин» еңбегі. Онда Ясауия силсиласы, сопылық тәрбие, рухани жолдың теориялық және практикалық мәселелері туралы құнды мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар қорда осы дәстүрмен байланысты «Тухфат ус-саликин» және Исхақ ибн Исмаил Атаға қатысты «Хадиқат ул-арифин» сияқты шығармалар да бар.

Бұл қолжазбалардың бізге беретін ең маңызды жаңа мәліметі – Ясауи мұрасының бір ғана «Диуани хикметпен» шектелмейтінін көрсетуінде. Хикметтер, рисалалар, насабнамалар, шайхтар шежіресі мен кейінгі Ясауия авторларының еңбектерін бірге қарастырғанда, біз Ясауи ілімінің бірнеше ғасыр бойы қалай сақталғанын, мәтіндердің қалай өзгергенін, қандай рухани орталар арқылы таралғанын және Ясауия дәстүрінің Орталық Азияның діни-интеллектуалдық өміріндегі жалғастығын нақты қолжазба деректері негізінде зерттей аламыз.

– Музейге ерекше қолжазбалар қайдан келеді?

– Қолжазбалардың музейге түсу жолдары әртүрлі. Олардың едәуір бөлігі ел ішіндегі жеке адамдар мен отбасыларда ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген. Кейбір азаматтар ата-бабасынан қалған қолжазбалар мен көне кітаптарды музейге сыйға тартса, кейбір жәдігерлер белгіленген тәртіппен сатып алу арқылы қорға қабылданады. Сондықтан музейдегі қолжазба қорының қалыптасу тарихында халық арасынан жиналған мұралар мен мақсатты ғылыми ізденістер бір-бірін толықтырып отырады. Кейде қолжазбаның өзі ғана емес, оның кімнің әулетінде сақталғаны, кімнен кімге өткені, қай өңірден келгені туралы ауызша мәліметтер де өте құнды болады. Мұндай деректер қолжазбаның сақталу және таралу тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.

Осындай есте қаларлық оқиғалардың бірі «Бустан ул-Мухиббин» қолжазбасымен байланысты. Мәтінтанушы Ұлықбек Жүнісбаевтың естелігі бойынша, ол 2009 жылы осы шығарманың мәтінін зерттеп, қолда бар нұсқаларын салыстырып жүрген кезде музейге бір ақсақал «Бустан ул-Мухиббиннің» тағы бір қолжазба нұсқасын алып келген. Оның айтуынша, қолжазба Өзбекстаннан келген. Зерттеу жүріп жатқан кезде қосымша нұсқаның табылуы салыстырмалы жұмыс үшін деректік базаны едәуір толықтырған.

Соңғы жылдардағы тағы бір маңызды мысал – Сауран өңіріндегі жеке әулетте ұзақ уақыт сақталып келген 17 қолжазба мен сирек кітаптың музейге тапсырылуы. Осындай мұралардың арасынан бұрын музей қорында болмаған немесе ертерек мерзімге жататын нұсқалардың анықталуы ғылыми зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл оқиғалар көне қолжазбалардың елеулі бөлігі әлі де жеке отбасыларда, әулеттік қорларда және ел ішінде сақталуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан халықпен байланыс орнату, экспедициялық іздестіру жұмыстарын жүргізу, қолжазбалардың шығу тегін құжаттау және оларды ғылыми айналымға енгізу – музей мен Ясауитану ғылыми орталығы жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

– Қолжазбаларды ғылыми сипаттау жұмысы қалай жүргізіледі? Авторын, шығарманың атауын, көшірілген уақытын, тілін, көшірмешісін және шыққан ортасын анықтауда қандай белгілерге сүйенесіздер?

– Қолжазбаны ғылыми сипаттау – бірнеше бағытты қатар қамтитын кешенді зерттеу. Ең алдымен қолжазбаның кодикологиялық және палеографиялық ерекшеліктері қарастырылады: қағазы, сиясы, жазу үлгісі, түптелуі, парақ өлшемі, жол саны, безендірілуі, мөрлері, таңбалары, иелік жазбалары мен жиек жазбалары зерттеледі. Бұл белгілер қолжазбаның шамамен қай кезеңде және қандай ортада жасалғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Автор мен шығарма атауын белгілеуде титулдық беттегі мәліметпен ғана шектелмейміз. Мәтіннің басталуы мен аяқталуы – инципиті мен эксплициті, автордың өз есімін көрсетуі, бөлім атаулары, мәтіннің құрылымы салыстырылады. Сонымен қатар осы шығарманың басқа кітапханалар мен қолжазба қорларындағы нұсқалары, ғылыми каталогтар, басылымдар және библиографиялық деректермен салыстырмалы жұмыс жүргізіледі. Кей жағдайда қолжазбада шығарма атауы мүлде көрсетілмеуі немесе кейінгі иесі басқа атау жазып қоюы мүмкін. Сондықтан атрибуция мәтіннің өзіне сүйене отырып жасалады.

Көшірілген уақыт пен көшірмешіні анықтауда ең маңызды деректің бірі – колофон. Онда көшірмешінің аты, көшірілген жылы, айы, кейде күні мен орны да көрсетіледі. Егер мұндай мәлімет сақталмаған болса, жазу мәнері, орфографиялық және тілдік ерекшеліктер, қағаз түрі, сутаңба, сия, кітаптың көркемделуі және басқа даталанған қолжазбалармен салыстыру арқылы мерзімі шамамен белгіленеді. Мұндай жағдайда ғылыми сипаттамада датаның нақты емес, болжамды екені міндетті түрде көрсетіледі.

Қолжазбаның тілін анықтағанда қазіргі тілдік өлшеммен ғана қарауға болмайды. Түркі қолжазбаларында шағатай, көне өзбек, қыпшақтық, оғыздық және жергілікті тілдік қабаттар қатар кездесуі мүмкін. Араб және парсы тіліндегі мәтіндермен аралас жазылған шығармалар да бар. Сондықтан лексика, морфология, фонетикалық белгілер, орфография және терминологиялық құрам кешенді түрде зерттеледі.

Шыққан ортасын анықтауда қолжазбаның ішіндегі жер-су атаулары, тұлғалар есімдері, мөрлер, уақыптық және иелік жазбалары, ижаза, насабтық мәліметтер, көшірмешінің немесе кітап иесінің жазбалары аса құнды. Осындай деректер арқылы қолжазбаның тек қайда көшірілгенін ғана емес, оның кейін қай аймақтарда қолданылғанын, кімдердің қолында болғанын және қандай интеллектуалдық немесе діни ортада айналымда жүргенін де қалпына келтіруге болады. Сондықтан ғылыми атрибуцияда бір ғана белгіге сүйеніп қорытынды жасауға болмайды. Сенімді нәтиже мәтінтану, палеография, кодикология, тіл білімі, деректану және салыстырмалы қолжазбатану әдістерінің жиынтығы арқылы алынады.

504
21.08.2026