
Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Pop Up Store жергілікті брендтердің алғашқы дизайн-фестивалі жұмысын бастады. Фестиваль Креативті индустрияларды дамыту қоры мен MOST Holding арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан алғашқы бірлескен жобалардың бірі.
Екі күн бойы фестиваль алаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам жергілікті бренд авторлық киімдер, аксессуарлар, зергерлік бұйымдар, интерьер заттары, косметика, үйге арналған өнімдер мен басқа да бірегей туындыларын ұсынады. Келушілер отандық дизайнерлер мен креаторлардың өнімдерімен танысып қана қоймай, оларды тікелей сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Фестиваль аясында қонақтарды Moldanazar, Asiya, Torearyq, Yez және Oeleye қатысатын концерттік бағдарлама, диджейлердің музыкалық сеттері, гастрономиялық аймақ, серіктестердің арнайы жобалары, ұтыс ойындары мен түрлі интерактивті белсенділіктер күтеді.
Astana Pop Up Store - жергілікті брендтерді қолдауға, шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға және отандық креативті өнімдерді кеңінен танытуға бағытталған жаңа алаң. Жоба дизайнерлерге, кәсіпкерлерге және креаторларға өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Фестиваль 11-12 шілде күндері 12:00 мен 20:00 аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық жаңа брендтермен танысып, отандық креаторларды қолдауға шақырамыз.