Астанада Art Qurultay халықаралық көрмесі ашылды

Астанада Art Qurultay халықаралық көрмесі ашылды

Астанада Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Германия және Израиль суретшілерінің басын қосқан Art Qurultay халықаралық көрмесі ашылды. Жобаға көркемдік мектебі мен шығармашылық көзқарасы әртүрлі, заманауи өнердің сан алуан бағытын танытатын 11 суретші қатысып отыр.

Көрме түрлі мәдениет өкілдерінің өнер арқылы еркін пікір алмасуына арналған. Қатысушылар кескіндеме, инсталляция, перформанс, миниатюра және рәміздік бейнелер арқылы естелік, өзіндік болмыс, мұра, дәстүр мен жеке адамның өмір тәжірибесі тақырыптарын қозғайды.

Көрменің жалпы сарынын неміс суретшісі Кристина Шляйхердің перформансы айқындады. Оның туындысы адамның шыққан тегіне, көңіл түкпіріндегі естеліктеріне және қайда өмір сүрсе де, қандай жолдан өтсе де, бойында сақталатын рухани мұрасына арналған.

Қазақстан атынан Теоман Хос, Әсемгүл Сүлейменова және Талғат Досмановтың туындылары ұсынылған. Теоман Хостың айшықты метафораларға құрылған инсталляциялары көрерменді туындының мәнін өз бетінше пайымдауға жетелейді. Әсемгүл Сүлейменова жаңа кескіндеме туындыларының топтамасын ұсынды. Оларда дәстүрлі сарындар, әйелдер бейнесі мен халық тұрмысының көріністері жаңаша көркемдік сипат алған. Талғат Досмановтың картиналарында дала, киіз үй мен киелі нышандар арқылы өткен мен бүгіннің сабақтастығы туралы философиялық ой өрбиді.

Өзбекстанның кескіндеме мектебін Нөкіс қаласының суретшілері Темур Шардеметов, Бахтыяр Серекеев және Саламат Бабаджанов таныстырды. Олардың туындыларында сезімге қанық көркем өрнек қарақалпақ халқының мәдени мұрасымен ұштасады.

Түрік суретшілері Танер Алакуш пен Ясемин Акйол Алакуш дәстүрлі миниатюраның заманауи өнердегі мүмкіндіктерін танытады. Израильдік суретші Владимир Гарбар символизмді, пішіннің мәнерлілігі мен бояудың қуатын ұштастырған туындыларын ұсынды.

157
06.10.2026